Дәрігерді балағаттаған: Ауруханада жанжал шығарған ер адам 10 тәулікке қамалды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Ауруханада жанжал шығарған ер адам 10 тәулікке қамалды / фото: KursivMedia

Жамбыл облысының тұрғыны қабылдау кезінде жанжал шығарып, дәрігерді балағаттағаны үшін әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Оқиға маусым айында Қордай ауданы Сортөбе ауылының ауруханасында болған.

Соттың мәліметінше, ер адам қабылдау кезінде өзінің қызметтік міндеттерін атқарып жатқан медицина қызметкеріне құрметсіздік танытып, балағат сөздер айтқан.

«Ер адамның кінәсі хаттамамен, сондай-ақ, дәрігер мен куәгерлердің түсініктемелерімен дәлелденді. Жәбірленуші дәрігер пациентті кешірмейтінін айтып, оған қамау түріндегі жаза тағайындауды сұрады», – делінген хабарламада.

Пациенттің өзі кінәсін мойындаған жоқ. Нәтижесінде сот ер адамды кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын кесті.

Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.

7 наурызда Қазақстанда медицина қызметкерлерінің өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейтін өзгерістер күшіне енді.

Сондай-ақ оқыңыз