АҚШ сенаторы Трамп отбасымен байланысы бар Қазақстандағы жобаны тексеруді талап етті

АҚШ сенаторы Элизабет Уоррен төрт федералды агенттікке хат жолдап, президент Дональд Трамптың отбасымен байланысы бар компанияға мемлекеттік қолдау көрсетілуіне қарсы шықты. Сенатор бұл жерде мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін деп қауіптеніп отыр, деп жазады Bloomberg.
Мәселенің мәні – Қазақстандағы вольфрам өндіру жобасына қатысты. АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі бұл тау-кен жобасына шамамен 2 млрд доллар көлемінде федералдық қаржы бөлмек. Осыған байланысты Демократиялық партияның өкілі Элизабет Уоррен мемлекеттік қаражаттың жемқорлық пен мүдделер қақтығысы қаупі бар мәмілелерден қорғалуын қамтамасыз ету керек деп есептейді.
Сөз болып отырған компания -«Cove Kaz Capital». Деректерге сүйенсек, Трамп отбасы осы вольфрам жобасынан пайда көретін америкалық кәсіпорынның акциясына иелік етеді.
Атап айтқанда, президент ұлдары: кіші Дональд Трамп және Эрик Трамп – бұл жобада үлесі бар «American Ventures» компаниясының тікелей инвесторлары.
Уоррен өз хатында АҚШ-тың Сауда министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Халықаралық дамуды қаржыландыру корпорациясы (DFC) және Экспорт-импорт банкі бұл компанияларға ақша уәде еткен кезде тиісті тексерісті қалай жүргізгеніне қатысты сауал тастады.
Қорғаныс министрлігі хатқа тек оның авторына ғана жауап беретінін айтса, басқа мекемелер әзірге ресми пікір білдірмеген.
Бұған дейін The New York Times басылымы АҚШ президенті отбасының қатысы бар сауда келісімін әшкерелеген көлемді зерттеу жариялаған. Мақалада Қарағанды облысындағы Жоғарғы Қайрақты мен Солтүстік Қатпар кен орындарын игеру үшін Вашингтон бөлмек болған 1,6 млрд доллар мен одан Трамптың ұлдары қалай пайда көрмек болғаны егжей-тегжей баяндалған.
«Самұрық-Қазына қоры «Солтүстік Қатпар» вольфрам кәсіпорнындағы 70 пайыздық үлесін Трамтың ұлдарына 114 млн долларға сатқан.