Өлген адамның ұрығынан ұрпақ өрбітуге бола ма

Жақында Қазақстан азаматы, 16 жастағы Сұңқар Сәбиттің қатерлі ісік дертін емдетуге Үндістанға барып, сол жақта көз жұмғаны, марқұмның анасы енді оның шетелде сақталған (химиотерапия жасамай тұрып алған, қатырып қойған) ұрығын елге қайтармақшы деген хабар тарады. Жаңалықты оқып, пікір білдіргендердің арасында «өлген адамның ұрығын қайтеді?» деп таңырқап жатқандар аз емес.
Нақты осы жағдайдың мән-жайын талдамасақ та, жалпы, қайтыс болған ер адамның ұрығын пайдаланып, балалы болу, ұрпақ өсіру мүмкін бе деген сұрақ туындады. Адам өлгеннен кейінгі репродукция әдісі – шетелде бұрыннан бар, in vitro (эко) ұрықтандыру арқылы жүзеге асатын процедура. Осы жолмен перзент сүю мәселесі төңірегіндегі моральдық-этикалық, құқықтық т.б. жайттарға қатысты даулы істер де болған.
Шетел тәжірибесі
Ер адам о дүниелік болып кеткен жағдайда, оның ұрығынан (ұрық иесі бала құрсаққа бітпей тұрғанда қайтыс болса) жасанды жолмен туған бала марқұмның заңды мұрагері болып санала ма? АҚШ-тың Жоғарғы соты 2012 жылы қараған «Карен Капато ісіне» (Astrue v. Capato) осы сұрақ арқау болған. Карен мен Роберт Капато шаңырақ көтергеннен кейін көп ұзамай Роберт қатерлі ісік дертіне шалдығып, емделу үшін химиотерапия курсын алатын болған. Емнің осы түрі бедеулікке әкеп соқтырады деп қауіптенген Роберт ем алмай тұрып, арнаулы клиникаға өз ұрығын тапсырып қойған. 2001 жылы Карен ұл босанады (тұңғыш баласы табиғи жолмен туған). Ерлі-зайыптылар жалғыз ұлына серік етіп тағы бір бала туғанды қалап, Роберт қайтыс болса, Карен оның клиникада сақтаулы жатқан ұрығын салдырып, бала көтеруге әрекет жасайды деп жоспар құрған.

Роберт 2002 жылы қайтыс болды. Карен эко процедурасын жасатып, 2003 жылы егіз туған. Жесір үкіметтен асыраушысынан айырылған балаларына жәрдемақы беруін талап еткен. Тұңғыш баласына жәрдемақы берілетін, ал егіздерге берілмейтін болды. Жоғарғы сот бірауыздан: егіздер (биологиялық әкесі қайтыс болғаннан кейін туған балалар) – Роберт Капатоның заңды ұрпағы болып саналмайды (әлеуметтік жәрдемақы талап ете алмайды) деген шешім шығарған.
Ауыр дерттен көз жұмған ер адамның ұрығынан эко әдісі арқылы (суррогат ана) туған балаға қатысты «құқығымды мемлекет танысын» деп, марқұмның жұбайы емес, туған анасы (балалардың әжесі) талап қойған жайттар көршілес Ресейде болған. Кей жағдайларда сот баланың әжесін жақтап, оны заң жүзінде нәрестенің «анасы» деп таныған – баланың туу туралы тіркеу құжаттарына оны баланың анасы деп жаздыруға рұқсат берген.
Біздің елдегі жағдай
Туындап жатса, мұндай мәселені Қазақстанда қалай шешеді, кедергілер бар ма, заң және медицина тұрғысынан қойылатын талаптар қандай деген сауалдарды өкілетті органдарға және арнаулы клиникаға жолдадық. Жауаптары төмендегідей.
Қазақстанда (ұрпақ жалғастыру мақсатында) қайтыс болған ер адамның ұрығын пайдалануға, яғни марқұмның жесіріне немесе келісім берген суррогат анаға салуға (адам қайтыс болғаннан кейінгі репродукция) бола ма?
- Биоматериалды (ұрықты) өзі көтеріп тусын деп, марқұмның жесіріне салдыруға рұқсат. Ер адам көзі тірісінде клиникамен шарт жасасып, ұрығын қатырып, оны өзі қайтыс болған соң эко әдісімен жұбайына салуға болатынын анық көрсетіп кеткен жазбаша келісім беруі керек.
- Суррогат ананың көмегіне жүгінуге болмайды. Бұған біздің елде заң жүзінде тыйым салынған. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 54-бабына сәйкес, суррогат ана қызметіне (шарт бойынша тапсырыс берушілер) тек ерлі-зайыптылар (ресми некеге отырғандар) ғана жүгіне алады. Ерлі-зайыптының біреуі қайтыс болғанда некенің заңды күші тоқтап (кодекстің 14-бабы), жесір – «жалғызбасты» әйел деп танылады. Қазақстан заңдарына сай, жалғызбасты әйелдің (жалғызбасты еркектің) суррогат ана қызметіне жүгіну құқығы жоқ.
Аталған репродукция түрін жасатуды көздейтін шарттарға қатысты заң талаптары мына актілерде айқындалған:
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс. 146-баптың 3-тармағы: қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға әйел (ер адам) келісімін беруі керек. 148-баптың 1 және 2-тармақтары: азаматтар өз жыныстық жасушаларын криоконсервация жасатуға (доноры болуға, сақтап қоюға) құқылы. Біздің заңнамаға сай, биологиялық материал – объект, оны қандай мақсатта қолдану керек екенін тек иесі, яғни донор (пациент) ғана шешеді.
Эко процедурасы мен криоконсервацияға қатысты талаптар Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-272/2020 «Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» бұйрығында айқындалған. Оған сай, ұрықты қатыру, алу, ұрықтандыру сияқты әрекеттер тек пациенттің жазбаша өтініші (келісімі) және медициналық мекемемен жасасқан шарты негізінде іске асырылады.