Қара теңізде қазақ мұнайын тасымалдайтын Chevron танкеріне шабуыл жасалды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Chevron компаниясына тиесілі Yasa танкері фото: vesselfinder.com

Қара теңіздегі Chevron компаниясының танкеріне дрондар шабуыл жасады. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасаған Reuters жазады.

Әзірге қандай тараптың шабуылдағаны, танкердің қаншалықты зардап шеккені белгісіз. Шабуылға ұшыраған – Yasa Polaris атты мұнай танкері. Танкер Қара теңіздегі Новороссийск портына жақын маңда орналасқан КҚК мұнай тиеу айлағына бара жатқан. Chevron болған жағдайдан хабардар екенін, бірақ ол экспорт тасымалына әсер етпегенін хабарлады.

«Экипаж қауіпсіздікте, кеменің жағдайы қалыпты. Танкер қауіпсіз портқа бара жатыр, біз кеме операторымен және құзырлы органдармен байланысып отырмыз», – деп жазылған компания жауабында.

Reuters жазуынша, Yasa Polaris мұнай танкері 2022 жылы салынған, шамамен 160 мың тонна мұнай тасымалдауға қауқарлы. Кемені Түркияда тіркелген Yasa Holding компаниясы басқарады. Бірақ түрік компаниясы Reuters агенттігінің сауалына ресми жауап бермеді.

Бұл танкерлерге жасалған алғашқы шабуыл емес. Осы жылы қаңтарда Новороссийск маңында мұнай тиеген екі танкерге шабуыл жасалған. Сол кезде Reuters дереккөздеріне сүйеніп танкерлер «Теңізшевройл» компаниясының мұнайын тиеуі қажет болғанын жазған еді.

Қазақстан мұнайының 80%-дан астамы КҚК арқылы тасымалданады. Шикізат Қашаған, Теңіз сияқты кен орнында өндіріліп, Новороссийск маңындағы Южная Озереевкада орналасқан консорциум терминалында танкерлерге тиеледі. КҚК акциясының 31%-ы Ресейге, 20,75%-ы Қазақстанға, 15%-ы Chevron-ға және басқа да жеке компанияларға тиесілі.

Жыл басынан бері бес ай ішінде Каспий құбыры арқылы 25,95 млн тонна мұнай жөнелтілген.

Сондай-ақ оқыңыз