Астана әуежайында екінші терминалға кіру жолы қайта ашылды

Астана халықаралық әуежайында екінші терминалдың бірінші желісіне кіру жолы ашылды, деп хабарлады әуе айлағының баспасөз қызметі.
Бұл учаскеде жөндеу жұмыстары аяқталды. Енді жолаушыларды отырғызу мен түсіруді тікелей терминалдың алдында жүзеге асыруға болады.
«Көлікпен кіру үйреншікті схема бойынша – жабық паркинг ғимараты мен жаңа LRT станциясының арасымен жүзеге асырылады. Жұмыстарды жүргізу кезеңінде түсіністік танытып, шыдамдылық танытқандарыңыз үшін алғыс айтамыз», – делінген хабарламада.
Бұған дейін 1 тамыздан бастап Астана халықаралық әуежайында қысқа мерзімді тұрақ құны өсетіні белгілі болған еді. Жаңа тариф сағатына 300 теңгені құрайды – бұл қазіргі қолданыстағы тарифтен 100 теңгеге артық.
Бұған қоса, Астана халықаралық әуежайы алдағы жылдары жолаушыларға қызмет көрсету сапасы бойынша Skytrax рейтингінде әлемнің үздік 100 әуежайының қатарына кіруді жоспарлап отырғанын жазған едік.