«Қайрат» Чемпиондар лигасындағы алғашқы матчта жеңіске жетті

8 шілде күні кешке алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы бірінші біліктілік кезеңінің өз алаңындағы матчында черногориялық «Сутьесканы» жеңді.
Алматылық клуб осымен екінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне барар жолын бірінші іріктеу кезеңінен бастап отыр. Еске сала кетейік, өткен маусымда алматылықтар іріктеуден өтіп, еуропалық футбол грандтарымен ойнаудың сәті түскен болатын.
Бірінші таймның 33-ші минутында «Қайрат» есеп ашуы мүмкін еді, бірақ төреші бейнеқайталауды көргеннен кейін Жоржиньоның офсайдтан соққан голын есепке алмады. Қалған уақытта алаң иелері бастаманы өз қолдарында ұстады.
Сондай-ақ қос команда қарсылас қақпасына 3 соққыдан бағыттағанымен, гол соғылмады.
Үзілістен кейін «Қайраттың» бапкері ойыншыларды алмастырды: Мартынович, Қасаболат және Тапаловтың орнына Широбоков, Эдмилсон және Тұяқбаев алаңға шықты.
Екінші таймның 75-ші минутында «Қайрат» есеп ашты. Қорғаушы Лукас Африко «Сутьесканың» айып алаңындағы пастан кейін допты қақпаға бағыттады. Кездесудің аяқталуына таяу, 90-шы минутта қонақтар голымен жауап қайтарды. Шабуылшы Марко Мвалевич әуелетіп асырылған доптан кейін оны қақпа маңдайшасының астына дәл түсірді.
Бірақ қосымша уақытта, яғни 90+3-ші минутта «Қайрат» қарсы шабуылға шығып, вингер Исмаил Бекболат айып алаңына қарай доп асырды, оған бірінші жеткен шабуылшы Марк Гуаль шабуылды нәтижелі аяқтады. Матчтың қорытынды есебі – «Қайраттың» пайдасына 2:1.
Қарымта матч Никшич (Черногория) қаласында, 15 шілдеден 16 шілдеге қараған түні Қазақстан уақытымен сағат 00:00-де өтеді.