СІМ Қазақстаннан шабуыл дрондарының ұшырылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Ресейлік БАҚ-та жарияланған Қазақстан аумағынан ұшқышсыз ұшатын аппараттардың (дрон) ұшырылғаны туралы ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі арандатушылық деп атады.
«Соңғы уақытта жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында Ресей Федерациясы аумағындағы объектілерге шабуыл жасау кезінде қолданылған ұшқышсыз ұшатын аппараттарды ұшыру үшін Қазақстан Республикасының аумағы пайдаланылуы мүмкін деген арандатушылық мәлімдемелер таратылуда. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі аталған мәлімдемелердің шындыққа жанаспайтынын және ешқандай деректермен немесе фактілермен расталмайтынын жауапты түрде мәлімдейді», – делінген Қазақстан СІМ мәлімдемесінде.
Сыртқы саяси ведомство мұндай ақпаратты Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының дәстүрлі достық сипатын бұрмалауға бағытталған негізсіз жала жабу (инсинуация) ретінде бағалайтындарын мәлімдеді.
СІМ, сондай-ақ, Қазақстанның тату көршілік, өзара құрмет, мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау принциптеріне негізделген бейбітсүйгіш, теңгерімді және жауапты сыртқы саясатты дәйекті түрде жүргізіп келе жатқанын мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасы өзінің аумағы, әуе кеңістігі және инфрақұрылымы басқа мемлекеттерге қарсы бағытталған іс-қимылдарды жүзеге асыру үшін пайдаланылуы мүмкін емес деген ұстанымды басшылыққа алатынын баса айтамыз. Осыған байланысты БАҚ өкілдері мен басқа да тұлғаларды тек тексерілген фактілерді басшылыққа алуға және шынайы емес ақпаратты таратудан аулақ болуға шақырамыз», – делінген мәлімдемеде.
Осыған дейін Украина Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі – Омбы мұнай өңдеу зауытына соққы жасалғанын хабарлады.