Бектенов: Конституциялық сот шешімі инвесторлар үшін жағымды белгі

Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, Қазақстандағы жаңа конституциялық модель алдағы саяси және экономикалық реформалардың берік негізіне айналалды Бұл туралы ол Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысында айтқан.
Жаңа Ата заңның қабылдануы жай ғана заңдық өзгеріс емес, бұл – ел экономикасын заманауи талаптарға сай жаңғырту, халықаралық серіктестікті кеңейту және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашатын негізгі іргетас.
Шетелдік капиталдың елге келуі үшін заңдардың түсінікті әрі болжамды болуы аса маңызды. Осы ретте Конституциялық сот бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың өкілеттік мерзімін бір рет шектеу нормасына қатысты нақты әрі соңғы түсініктемесін берген.
«Конституциялық Сот өз шешімімен нақты әрі дәл түсіндіріп берді. Атап айтқанда, бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норма жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін, яғни биылғы 1 шілдеден бастап тиісті лауазымдарға тағайындалған немесе сайланған тұлғаларға ғана қолданылады. Құқықтық айқындылықтың қамтамасыз етілуі ішкі және сыртқы аудиторияны толғандырған бірқатар мәселені күн тәртібінен алып тастайды. Менің ойымша, бұл саяси-құқықтық жүйенің тұрақтылығы мен болжамдылығына ерекше мән беретін инвесторлар үшін де игілікті қадам болып отыр», — деп атап өтті Премьер-министр.
Ресми мәліметке сәйкес, бұл ереже жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін, яғни ағымдағы жылдың 1 шілдесінен кейін тиісті қызметтерге тағайындалған немесе сайланған тұлғаларға ғана қолданылады. Мұндай нақтылық ел ішіндегі және сыртқы аудиторияда туындауы мүмкін бірқатар сұрақтар мен күмәнді ойларды біржола күн тәртібінен алып тастайтыны айтылды.
Үкімет басшысы бұл құқықтық айқындықтың сыртқы нарыққа оң әсер ететінін ерекше атап өтті. Кез келген ірі инвестор үшін ақша құймас бұрын сол мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесінің орнықтылығы мен алдын ала болжауға болатындығы маңызды.