Әріптесін аяусыз ұрды делінген Мұқасан Шахзадаев қылмыстық істе куә болып шықты

2025 жылдың қарашасында Ғалымжан Сүлейменді аяусыз соққыға жыққан танымал әнші Мұқасан Шахзадаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Алайда Алматыда қаралып жатқан сотта Шахзадаев куә деп танылған.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, қылмыстық іс маусымда басталған. Істі Наурызбай ауданы сотында судья Бейнегүл Қайсина қарап жатыр.

Істегі сотталушы Мұқасан Шахзадаевтың әкімшісі – Азамат Есеркенов.
Ғалымжан Сүлейменнің сөзінше, тараптар арасындағы жанжалды Мұқасан Шахзадаев бастаған. Ол Ғалымжан Сүлейменнің топ мүшесі болған әнші Нұрлан Қонысбаевпен бірге жұмыс істегеніне шүйліккен.
Сүлеймен 2013-2016 жылдары «Нұр-Мұқасан» тобының арт директоры болған. Кейінгі кезде Мұқасан Шахзадаев пен Нұрлан Қонысбаевты бірге сахнаға алып шығу бастамасын көтерген.
«2025 жылдың 19 қарашасында Мұқасан ағаның үйіне бардым. Агрессия көрсетіп, боқтады. Жағдайды түсіндіре бастаған соң, үйіне кірдік. Сұрақтарына жауап бердім. Бұған іштарлық, көре алмау себеп болды», – деді Ғалымжан Сүлеймен сотта.
Мұқасан Шахзадаевқа қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат 2025 жылдың қарашасында тарады. Полицияның хабарлауынша, 22 қарашада Ғалымжан Сүлеймен құқық қорғау органына жүгінген. Бірнеше адамның өзін соққыға жыққанын айтқан.