Арыс қаласының әкімі үш адамға зардап шектірген ұлына араша түспейтінін айтты

Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараев Астана – Павлодар тас жолында ауыр жол апатына ұшыраған көлікті ұлы басқарғанын растады.
Чиновник ақпаратына қарағанда, жағдай әкімнің отбасы үшін де ауыр сынақ болған.
«Ең алдымен, жол-көлік оқиғасы салдарынан ауыр жарақат алған жас жігітке, оның туған-туыстары мен жақындарына шынайы жанашырлығымды білдіремін. Оған күш-қуат, тезірек сауығып кетуін тілеймін. Аталған жол-көлік оқиғасының болғанын растаймын. Сондай-ақ көлік тізгінінде менің ұлым болғанын да растаймын. Ол – кәмелетке толған азамат және заңға сәйкес өз әрекеті үшін өзі жауап береді», – деді әкім.
Қала басшысының айтуынша, ол өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланбайды және тергеу жұмысына араласпайды.
Жол апаты 29 мамыр күні кешке болған. Hyundai Tucson автокөлігі жол қоршауына соғылып, темір қоршау көліктің салонын тесіп өткен. Оқиға салдарынан үш адам зардап шеккен. 20 жастағы студент Талғат Емел ең ауыр жарақат алған.
Жас жігіт бір аяғынан айырылып, кейін дәрігерлер екінші аяғын да ампутациялауға мәжбүр болған. Ол клиникалық өлімді бастан өткеріп, бірнеше ота жасатқан. Бір айға жуық жансақтау бөлімінде жатқан. Қазір студент ем қабылдауын жалғастырып жатыр.
Қайсар Манқараев 2024 жылдың желтоқсан айынан бері Түркістан облысындағы Арыс қаласының әкімі қызметін атқарады.
Айта кететін жайт, Павлодарда 32 жастағы ер адам автокөлікпен көшедеге бағанға соғылып, оқиға орнында қайтыс болды.