Сот алғаш рет Kyzdar.net сайтының сыбайластарына қатысты үкім шығарды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Сот алғаш рет Kyzdar.net сайтының сыбайластарына қатысты үкім шығарды / Фото: Shutterstock

Сот елімізде алғаш рет тыйым салынған Kyzdar.net сайтының қызметіне қатысты қылмыстық іске нүкте қойды.

Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты трансұлттық ұйымдасқан топтың алты мүшесін кінәлі деп таныды. Тергеу мәліметтері бойынша, олар интимдік қызмет көрсететін қыздардың анкеталарын ілгерілетуге көмектескен.

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы хабарлағандай, айыпталушыларға айып осы жылдың наурыз айында тағылған. Тергеу анықтағандай, бұл топ сыйақы үшін интимдік қызметтер туралы хабарландыруларды орналастырумен және ілгерілетумен айналысқан.

«Бұл – Қазақстандағы Kyzdar.net сайты арқылы жеңгетайлыққа көмектесу ісі бойынша шыққан алғашқы айыптау үкімі. Топ жетекшісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған бес қатысушының әрқайсысы сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды», – деп хабарлады прокуратурадан. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, Kyzdar.net иелерінен ондаған люкс автокөлік, пәтерлер, коттедждер мен жер телімдері табылған. Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілердің атына 8 компания, 5 пәтер, 6 коммерциялық үй-жай, 6 коттедж, 10 жер телімі, 6 тұрақ орны және 11 люкс автокөлік тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз