Халық табысының өсімі елдегі қымбатшылықтан аса алмай жатыр

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, Қазақстанда жалақы мен әлеуметтік төлемдер өсіп, табыс деңгейі рекорд көрсеткішке жеткен. Алайда инфляциядан аса алмай жатыр.
Нақты табыс қаншаға өсті
Ресми мәліметке сүйенсек, 2026 жылдың үш айында елде жан басына шаққандағы орташа атаулы табыс 252 619 теңгеге жеткен. Бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға көп. Ақшаның бұлай көбеюіне нақты сектордағы еңбекақының артуы мен мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлемдердің өсуі тікелей әсер етті.
Алайда дәл осы уақытта елдегі инфляция деңгейі 11,7%-ды құраған. Нәтижесінде, қымбатшылықты есепке алғандағы халықтың нақты (шынайы) табысы небәрі 0,1%-ға ғана өсті. Яғни қалтаға түскен артық теңгенің пайдасын инфляция жұтып қойып, халықтың сатып алу қабілеті сол баяғы деңгейде қалды.
Өңірлердегі көрсеткіш қандай
Қазақстан өңірлеріндегі табыс көлемі әлі де әркелкі. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркелген. Мұнда орташа табыс 408 182 теңгені құрайды. Одан кейінгі орында өндірісті өлке Ұлытау облысы тұр (353 036 теңге). Ал еліміз бойынша ең төменгі табыс көрсеткіші Түркістан облысына тиесілі: 143 409 теңге.
Дегенмен кей аймақтарда ақшаның өсу қарқыны өте жоғары. Мәселен, атаулы табыстың өсу жылдамдығы бойынша Алматы облысы (+19,1%) мен Қарағанды облысы (+16,4%) көш бастап тұр.
Бірақ та кейбір өңірлерде халықтың шынайы жағдайы төмендеп кеткен. Мәселен, инфляцияның қысымынан нақты табысы күрт азайған аймақтар бар.
Олардың басында Атырау облысы тұр, мұнда шынайы табыс 8,3%-ға құлдыраған. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы (-7,1%) мен Маңғыстау облысында (-2,9%) тұрғындардың нақты табысы азайғаны белгілі болды. Бұл аймақтарда бағаның өсуі жалақының өсімінен әлдеқайда озып кеткен.
Halyk Research сарапшыларының пайымдауынша, табыс қағаз жүзінде өскенімен, инфляцияны есепке алғанда халықтың нақты кірісі төмендеген.
Дегенмен Үкімет пен Ұлттық банк халық табысын инфляциядан кемінде 2–3 пайыздық тармаққа асыруды мақсат етіп қойған. Біақ оған елдегі инфляция деңгейі мүмкіндік бермей тұр.