Атасынан қалған Winchester 1895 мылтығын полицияға тапсырды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Winchester 1895 винтовкасы
Көне америкалық мылтық үшін сыйақы төленеді / фото: polisia.kz

Атырау қаласының тұрғыны атасынан қалған ескі Winchester 1895 ойық ұңғылы винтовкасын өз еркімен полицияға тапсырды. Қазақстанда заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде ақылы тапсыру акциясы жүріп жатыр.

ІІМ мәліметінше, атыраулық азамат атасынан мұра болып қалған көне қаруды ұзақ жылдары бойы үйінде сақтаған. Акция туралы білгеннен кейін, ол қаруды полицияға өткізген.

Құзырлы мекеме акциясына сай, азаматтар қаруды заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Бұған қоса қару иесі 100 АЕК-ке, яғни 432 500 теңгеге дейін ақшалай сыйақы ала алады.

Қазір полиция мамандары ескі винтовкаға сараптама жүргізіп жатыр. Егер оның тарихи құндылығы расталса, қару музейге табысталып, тарихи жәдігер ретінде сақталады.

Winchester 1895 винтовкасы АҚШ-та 1931 жылға дейін шығарылған. Оның жобасын америкалық қару конструкторы Джон Браунинг әзірлеген. Америкалық мылтық Қазақстанға Бірінші дүниежүзілік немесе азамат соғысы кезінде келуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз