Қазақстандық QALAM жобасы Түркия университетімен серіктестік орнатты

Қазақстандық «QALAM» тарихи-ағартушылық жобасы Ыстанбұлдағы Ибн Халдун университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім бірлескен зерттеулерді, білім беру және мәдени бастамаларды қарастырады.
Қол қою рәсімі Түркі әлемінің ІІІ Жазғы форумы аясында өтті. Форум Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен әрі серіктестігімен Ибн Халдун университетінің базасында өтіп жатыр.

Серіктестік қазақстандық жобаға түрік тарапымен бірлескен зерттеулерге, халықаралық сарапшылық ынтымақтастыққа және Қазақстан, Орталық Азия мен түркі әлемінің тарихына арналған жаңа білім беру бастамаларына жол ашады.

Ибн Халдун университеті 2015 жылы құрылған. Жоғары оқу орнының ашылуына Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған қолдау көрсетіп, университеттік кешеннің ашылуына да қатысқан. Оқу орны өзін әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарға басымдық беретін халықаралық зерттеу университеті ретінде танытады.

Форум аясында QALAM жобасының бас редакторы Жар Зардыхан қатысушылар алдында сөз сөйлеп, жобаның мақсаттары, оның аудиториясы және түркі әлемі елдері арасындағы байланыстарды нығайтудағы тарихи контенттің рөлі туралы айтып берді.

Форумның арнайы бағдарламасы аясында QALAM делегациясы Түркі мемлекеттері ұйымының штаб-пәтеріне де барып, Ұйымның Бас хатшысы Кубанычбек Өмүралиевпен кездесті.
QALAM – Қазақстан, Орталық Азия және түркі әлемінің тарихы мен мәдениетіне арналған қазақстандық ағартушылық медиажоба. Жоба материалдарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жариялай отырып, әртүрлі елдердің тарихшылары мен зерттеушілерінің басын қосады.