Маск монополиясы аяқталды: Қытай зымыранды қайта қондыруды үйренді

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Long March 10B қытай зымыраны
Long March 10B зымыранын ұшыру сәті / фото: China Daily via REUTERS

Қытай ғарыш технологиясы саласында айтарлықтай жетістікке жетті. 10 шілдеде таңертең «Чанчжэн-10B» (Long March 10B) зымыранының бірінші сатысы теңізге қайта қонды.

Маск пен Безос ізімен

Жұмадағы сәтті тәжірибесінің арқасында Қытай зымырынды көп рет пайдалана алатын екінші ел атанды. Осыған дейін мұндай жетістікке АҚШ-тың екі ірі компаниясы – SpaceX және Blue Origin жеткен.

Әлемнің ең бай адамы Илон Маскқа тиесілі компания Falcon 9 зымыранын алғаш рет 2015 жылғы 21 желтоқсанда жерге қондырған. Осы уақытқа дейін зымыран 300-ден астам рет қайта қонып үлгерген. SpaceX компаниясының Falcon Heavy және Starship (Super Heavy) зымырандары да бірнеше мәрте пайдалануға болатын деңгейге жетті.

Америкалық миллиардер Джефф Безосқа тиесілі компания New Shepard және New Glenn зымырандарын жерге сәтті қондырып жүр.

Қытайлар зымыранды тормен ұстады

Енді олардың қатарына Қытайдың Long March 10B зымыраны қосылды. Бейжің Құрама Штаттардың ғарыш технологиясындағы жетістігін қайталап қана қоймай, осы салаға ноу-хау әкелді. Қытайлар әлемде алғаш рет зымыранды «тормен ұстау» әдісін қолданды. Олар зымыранға аяқ орнатпай, оның орнына арнайы ілмектер жасаған. Зымыран төмен түскен уақытта болат арқандардан өрілген тор жүйесі оны іліп алады.

Ғарыш кемесіне қонатын аяқ орнатпау оның салмағын жеңілдету үшін керек. Мұндай жетістік Қытайға стратегиялық және тарихи миссияларды іске асыруға мүмкіндік береді. Мысалы, Бейжің жуық арада Айға адам қондыруды көздеп отыр. Көп рет қолданылатын зымыран технологиясы Жердің табиғи серігіне жүк тасу құнын жүздеген миллион долларға арзандатады.

Айта кетейік, NASA-ның Айды бағындыруды көздейтін Артемида миссиясына SpaceX және Blue Origin америкалық компаниялары қатысып жатыр. Аса күрделі осы миссия туралы толық мәліметті Kursiv.Media мақаласынан оқыңыз.

Сондай-ақ оқыңыз