Павлодар аймағын электр энергиясымен қамтып отырған кәсіпорын шығынға батқан

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Павлодарэнерго» компаниясы 2025 жылдың ресми қаржылық есебін жариялады. Есеп бойынша кәсіпорынның өткен жылғы кірісі артқанымен, негізгі көрсеткіштері нашарлап, 49 млрд теңгеге жуық шығын көрген. Бұл туралы компанияның қаржы есебінде жазылған.

Жыл ішінде компанияның жалпы түсімі 162,4 млрд теңгеден 182,9 млрд теңгеге дейін өсті. Осыған байланысты жалпы пайда да ұлғайып, 46,2 млрд теңгені құрады. Алайда былтырғы қаржы шығысы 39 млрд теңгені құрап, соның салдарынан кәсіпорын үлкен шығынға батты. 2024 жылы компания 4,3 млрд теңге таза пайда тапқан болатын. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша таза шығын 48,7 млрд теңгеден асып кетті.

Бұл жағдай компанияның меншікті капиталына қатты әсер етті. Кәсіпорынның жарғылық капиталы өзгеріссіз қалды. Ол 16,6 млрд теңгені құрайды. Бірақ меншікті капитал 66,5 млрд теңгеден 15,8 млрд теңгеге дейін күрт азайды. Бұл капиталдың 4 есе қысқарғанын көрсетеді.

Сонымен қатар компанияның жиынтық активтері 316,8 млрд теңгеден 298 млрд теңгеге дейін төмендеді. Ал жиынтық міндеттемелері мен қарыздары керісінше өсті. Оның көлемі 250,2 млрд теңгеден 282,1 млрд теңгеге дейін жетті.

Қаржылық қиындықтар кәсіпорынның тиімділік коэффициенттерін де төмендетті. Белсенділік пен сату рентабельділігі минус аймағына ауысты. Активтер өтімділігі (ROA) минус 16,36 пайыз болды.

Сату рентабельділігі (ROS) 26,64 пайыз теріс нәтиже көрсетті. Капитал рентабельділігі (ROE) минус 307,11 пайызға дейін құлдырады. Осыған байланысты бір жай акцияның баланстық құны 32,03 теңгеден – 233,70 теңгеге дейін түсіп кетті.

Аудиторлық есебіне сәйкес, кәсіпорынның 100 пайыз акциясы «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясына» тиесілі. Ал бұл мекеменің  47% акциясы Александр Клебановқа тиесілі болса, 47%-ы Сергей Канның иелігінде.

Олар ОАЭК арқылы «Павлодарэнерго» АҚ, «Павлодар Солтүстік су каналы» ЖШС, «СевКазЭнерго» және «Ақмола РЭК» компанияларына да иелік етеді.

Александр Клебанов – ең бай 75 бизнесмен рейтингінде 14-орында және Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені рейтингінде 40-орында тұр. Оның байлығы 850 млн долларға бағаланады. Ал Сергей Кан 450 млн долларға тең байлығымен ең бай 75 бизнесменнің арасында 31-орынға жайғасқан. 

Кан мен Клебановқа тиесілі кәсіпорын топ-менеджері былтыр 87 млн теңге сыйақы алған.

Сондай-ақ оқыңыз