Криптовалютамен QR арқылы төлем жасау мүмкіндігі енгізілмек

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанның Ұлттық банкі елдегі төлем жүйесі мен цифрлық активтер нарығын реформалауды жоспарлап отыр. Президент «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын дамыту шаралары туралы» жарлыққа қол қойғандықтан, енді қаржы нарығында жаңа құралдар іске қосылады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Басты жаңалық – бірыңғай QR-код жүйесі арқылы криптовалютамен төлем жасау мүмкіндігі. 19 шілдеден екінші деңгейлі банктер бірыңғай QR-код жүйесіне қосылатыны хабарланған.

Жаңа тетік іске қосылған соң, криптоәмияны бар азаматтар цифрлық активтерді күнделікті төлем үшін қолдана алады. Бұл құрал қолданыстағы инфрақұрылым негізінде жұмыс істейді.

«Осы бағытта басқа да бірнеше банк қызу дайындық үстінде. Кейінірек олардың барлығы бірыңғай QR жүйесіне қосылады. Бұл жүйенің егжей-тегжейін келесі аптаның соңында арнайы таныстырамыз. Естеріңізде болса, біз 18 шілдеге дейін бірыңғай QR-кодты енгізуіміз керек. Бұл тек банктерге ғана емес, сонымен бірге төлем ұйымдары мен криптоәмияндарға да ортақ бірыңғай жүйе болмақ», — деді Тимур Сүлейменов.

Одан бөлек, еттеуші қысқа мерзімді бағалы қағаздар – Ұлттық банктің ноталарын шығару форматын өзгертеді. Қазіргі уақытта дәстүрлі нысанда шығарылып жатқан бұл қаржылық құралдар алдағы уақытта толықтай цифрлық форматқа көшіріліп, токенизацияланған ноталар ретінде айналымға енеді.

Жаңа бақылаушы комитет құрылады

Цифрлық өнімдердің жедел дамуына байланысты Ұлттық банк жанынан арнайы комитет құрылады. Бұл мекеме криптовалюта айналымы мен төлем жүйесін бақылайтын бірыңғай үйлестіру орталығы қызметін атқарады.

Комитеттің жұмысы екі негізгі бағытқа бөлінеді:

  • Төлем нарығын толық бақылауға алу және оның ашықтығын қамтамасыз ету;
  • Цифрлық қаржылық активтер нарығын дамыту, реттеу және қадағалау.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, нарықты сапалы қадағалау үшін осы салаға маманданған жеке құрылым қажет. Қазіргі уақытта мамандар комитеттің құрылымы мен тиісті нормативтік-құқықтық актілерді дайындап жатыр. Жаңа орган алдағы үш ай ішінде жұмысын бастауы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз