Әшімбаев, Қарин және вице-президент лауазымы — саясаткер ойын тәртібін түсіндірді

Құрылтай сайлауы жақындаған сайын елдегі саяси белсенділік еселеп артып, көпшілік назары парламенттегі мандатқа таласатын ойыншыларға ауды. Әсіресе «Әділет» партиясының жазғы науқанға түсетін үміткерлер тізімін жариялауы пікір-таласты одан сайын қыздыра түсті.
2026 жылғы 7 мамырда ресми түрде құрылған «Әділетке» маусым айында Amanat-тың қосылуы партияны маңызды саяси науқан қарсаңындағы ірі ойыншыға айналдырды. Саяси сахнаға жаңа серпінмен шыққан ұйымның кімдерге үміт артып отырғаны қоғам үшін ең өзекті тақырыпқа айналды.
Партия тізіміндегі Қарин
Төрт жыл бойы мемлекеттік кеңесші қызметін атқарып, 30 маусымда ғана президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары атанған Ерлан Қариннің партия атынан үміткер атануы да көпшілік назарынан тыс қалмады. Мәселен, саясаттанушы Замир Қаражанов осындай таңдаудың өзіндік астары бар деп есептейді.
«Мұның себебін саяси науқанның ерекшелігінен іздеу керек. Ресми түрде айтылмаса да, саясаткердің осы саладағы тәжірибесі орасан зор екені анық. Сол себепті Қариннің партия тізіміне енуі қисынды шешім болып көрінеді», – дейді ол Kursiv.Media тілшісіне.
Бұл ретте саясаттанушы «Әділеттің» саяси кеңесіне Қариннің кірмегеніне назар аударды.
«Мұндай жағдай, сірә, оның қазіргі қызметіне байланысты болса керек. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары екенін ескерсек, мемлекеттік қызметкер ретінде партия құрылымында басқарушы немесе атқарушы лауазымды иелене алмайды», – деп түсіндірді Қаражанов.
Көпшілік талқылауларда партия тізіміне енгендіктен Қарин вице-президент лауазымына таласа алмайды деген пікірлер де ұшырасады. Қаражанов мұндай көзқараспен келіспейді.
«Вице-президент лауазымына нақты бір адам тағайындалған сәтке дейін Қарин мүмкіндігі сақталады. Оның үстіне мемлекет басшысы вице-президентті өз шешімімен қызметтен босатып, кез келген уақытта ауыс-түйіс жасай алады», – деп есептейді сарапшы.
Саясаттанушы партия тізіміне ену депутат орындығына жайғасу дегенді білдірмейтінін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, саяси салмағы басым тұлғаларды мұндай тізімге әдетте маңызды науқанда партия көшін ілгері жылжыту үшін қосады.
Экс-спикер Әшімбаев қайда?
Партия тізімінде Ерлан Қарин есімі жүрсе, осы додадан мүлдем тыс қалған тағы бір ықпалды саясаткер – Мәулен Әшімбаев. Оның «Әділет» үміткерлері қатарына ілінбеуін қоғам талқылады. Сенатты басқарған, яғни биліктегі екінші адам болған саясаткердің болашақ парламент құрамына кірмейтіні анық.
«Әшімбаев үшін жаңа тағайындау дайындалып жатса, ол тек атқарушы билікте немесе мемлекеттік басқару вертикалінде болады», – дейді саясаттанушы.
Ол Әшімбаевты президент әкімшілігін, партия құрылымдарын және басқа да маңызды мемлекеттік органдарды басқара алатын классикалық мемлекеттік менеджер ретінде сипаттайды.
Билік аппаратында тәжірибесі мол адамды, әлбетте, жаңадан енгізілетін вице-президент лауазымынан үміткерлер қатарына жатқызуға әбден болды. Дегенмен Қаражанов оның мүмкіндігін басқа да үміткерлермен тең дәрежеде бағалайды. Өйткені қандай да бір партия тізімі кімнің қай лауазымға баратыны туралы қорытынды жасауға жеткіліксіз.