Air Astana Дубайға ұшатын рейстерді өзгертті

Air Astana Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Дубайға ұшатын рейстер кестесінің өзгергенін хабарлады.
12 шілде күні сағат 07:10-да Астана – Дубай бағыты бойынша көкке көтерілген KC205 рейсінің ұшағы жөнелтілген әуежайына қайта оралды. Сондай-ақ 12 шілдеге сағат 08:50-ге жоспарланған KC897 Алматы – Дубай рейсі де тоқтатылды. Рейс жолаушыларына билет құны толық көлемде қайтарылады.
«Air Astana жағдайды жіті қадағалап отыр. Қазіргі уақытта әуе компаниясы жолаушыларды тасымалдау мәселелерін шешіп жатыр», – деп хабарлады әуе компаниясы.
Кестеде тағы өзгеріс болған жағдайда қосымша жарияланатын болады. Ұшу және қону уақыттары түзетілуі мүмкін болғандықтан, жолаушыларға рейстердің өзекті мәртебесін тексеріп отыру ұсынылады.
Ақпарат алу үшін жолаушылар тәулік бойы жұмыс істейтін Air Astana брондау және ақпарат орталығына хабарласа алады.
Бұған дейін АҚШ әскері Иранға қарсы соққылардың үшінші кезеңін бастағанын мәлімдеген еді. Мәліметке сәйкес, жаңа кезең Ормуз бұғазындағы оқиғадан кейін қолға алынған.