Министрлік қаржы қызметкерлеріне жасалатын алаяқтықтың жаңа әдісі туралы ескертті

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Телеграмда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
Телеграмда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ішкі істер министрлігі қаржы қызметкерлері мен бухгалтерлерге Telegram мессенджері арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа әдісі туралы ескерту жасады.

Министрліктің айтуынша, алаяқтар азаматтармен Telegram мессенджері арқылы байланысып, өздерін мемлекеттік органдардың, компаниялар мен ұйымдардың басшылары ретінде таныстырады. Олар шынайы басшылардың фотосуреттері мен деректерін пайдаланады.

Қаскөйлер директордың, басшының немесе басқа да лауазымды тұлғаның атынан қызметкерлерге шұғыл түрде көрсетілген есепшотқа ақша аударуды, қызмет ақысын төлеуді, қандай да бір тауар үшін қаражат жіберуді немесе өзге де қаржылық операцияларды орындауды талап ететін хабарламалар жібереді.

Көбіне мұндай хабарламаларды бухгалтерлер, қаржы қызметкерлері және ұйымның қаражатына қолжетімділігі бар тұлғалар алуы мүмкін.

«Егер сіз осындай хабарлама алсаңыз ақша аудармаңыз, қаржылық операцияларды орындамаңыз. Міндетті түрде басшымен телефон арқылы немесе жеке байланысыңыз. Телефон нөмірін, жіберушінің аккаунтын және хабарлама мазмұнын мұқият тексеріңіз, күмән туындаған жағдайда хат алмасуды тоқтатып, болған жағдай туралы басшылыққа және жауапты қызметкерлерге хабарлаңыз», – деп ескертті ІІМ өкілдері.

Бұған дейін де министрлік алаяқтың жаңа әдісі туралы ескерткен болатын. Мәселен соңғы уақытта құқық қорғау органдары басшыларының аты-жөні мен фотосуреттерін пайдаланып жасалатын алаяқтық жағдайлары да жиілеп кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз