Астананың инфрақұрылымын дамытуға үкімет резервінен 16,2 млрд теңге бөлінді

Астананың инженерлік және энергетикалық желілерін дамытуға үкімет резервінен 16,2 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Бұл елорда халқының өсуі мен тұрғын үй құрылысының қарқынына байланысты коммуналдық жүйелердің жүктемесін азайту үшін жасалып отыр.
Қаражаттың 8,7 млрд теңгесі су бұру инфрақұрылымына жұмсалады. Соның аясында Есіл ауданындағы тазарту құрылыстарынан Қарабидайық көліне дейінгі кәріз коллекторы жөнделіп, Ұлы Дала, Хусейн бен Талал, Шыңғыс Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойынан Есіл өзеніне дейін жаңа ағын су коллекторы салынады.
Бұл жұмыстар 4,5 мың гектар аумақтағы жерүсті суларын бұруға және тәулігіне 70 мың текше метрге дейінгі су тазартатын нысандардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Қалған 7,5 млрд теңге қаланың энергетика саласына бағытталады. Бұл ақшаға «Қарлығаш» жабық қосалқы стансасы салынып, ЖЭО-2-дегі №1 турбоагрегат жаңғыртылады. Нәтижесінде турбинаның қуаты 80 МВт-тан 110 МВт-қа дейін артып, «Есіл» және «Бәйтерек» стансаларына түсетін салмақ азаяды.
Бұл өзгерістер «Нұрлы жол» вокзалы маңы мен Тельман тұрғын алабындағы 80 мыңға жуық тұрғынды тұрақты электр жарығымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жаңа мектептер мен ауруханалар сияқты әлеуметтік нысандарды желіге қосуға жағдай жасайды.
Бұған дейін үкімет резервінен Арқалық қаласының жылу және электр желілерін жаңғыртуға 5,8 млрд теңге бөлінген.