Таяу Шығыстағы шиеленістің қайта өршуінен мұнай бағасы күрт қымбаттап кетті

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Таяу Шығыстағы жағдайдан кейін мұнай бағасы күрт қымбаттап кетті
Таяу Шығыстағы жағдайдан кейін мұнай бағасы күрт қымбаттап кетті / фото: kursiv.media

Таяу Шығыстағы шиеленістің қайта ушығуына байланысты мұнай бағасы бірден 3%-ға қымбаттап кетті. Reuters дерегінше, Brent маркалы мұнай 13 маусымда 2,34 долларға (3,08%) қымбаттап, барреліне 78,35 долларға жетті. Ал америкалық WTI мұнайы 2,21 долларға қымбаттап (3,09%), барреліне 73,62 доллар деңгейінде саудаланды.

Еске сала кетейік, 11 шілдеде Тегеран Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктерін қайта соққылады, ал АҚШ Иранға қарсы әскери операциясын жалғастырды. Өзара соққылар Ормұз бұғазындағы кеме қатынасының айналасындағы жағдайды ушықтырып жіберді.

АҚШ Президенті Дональд Трамп жексенбі күні Ормұз бұғазы коммерциялық кеме қатынасы үшін ашық қала беретінін мәлімдеді. Бұған дейін Иран өздерінің мәлімдеуінше, рұқсат етілмеген бағытпен жүрген кемеге жасалған шабуылдан кейін бұғаздың жабылғанын хабарлаған болатын.

Kpler кемелерді қадағалау жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, жексенбі күні бұғаз арқылы тек алты кеме өткен. Бұл соңғы бес аптадағы ең төменгі көрсеткіш.

Жаңа шиеленіс АҚШ пен Иран арасында өткен айда қол қойылған уақытша келісімнің болашағына да күмән келтірді. Құжат Ормұз бұғазы арқылы қауіпсіз кеме қатынасын қайта бастауды және қақтығысты тоқтату үшін 60 күн ішінде одан әрі келіссөздер жүргізуді көздеген болатын.

Келісім жасалғаннан кейін маусым айында әлемдік мұнай жеткізілімі тәулігіне 4,1 миллион баррельге өсті. Алайда, Халықаралық энергетикалық агенттіктің жұма күні жарияланған ай сайынғы есебінде атап өтілгендей, бұл көрсеткіш соғысқа дейінгі деңгейден әлі де тәулігіне 9,4 миллион баррельге төмен.

25 маусымда мұнай бағасы, керісінше, күрт арзандаған еді. Brent маркалы мұнай бағасы шамамен 72-73 доллар маңына түскен.

Сондай-ақ оқыңыз