Мароккода әлемдегі ең үлкен стадионның құрылысы басталды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: Courtesy Populous/Oualolou + Cho

Марокко корольдігі Касабланка қаласының маңында Эль-Мансурия қалашығында әлемдегі ең үлкен футбол стадионының құрылысын бастады. Марокконың бұрынғы королі Хасан II-нің құрметіне аталған бұл арена 2030 жылғы футболдан Әлем чемпионатына арнап салынады.

Рекордтық көрсеткіштер мен құны

Марокко үкіметі бұл жобаны ресми түрде 2023 жылдың қазан айында, елдің Испания және Португалиямен бірлесіп Әлем чемпионатын өткізетіні белгілі болғаннан кейін жариялады.

Стадион 115 000 көрерменге арналған. Аренаның ашылуы 2027 немесе 2028 жылға жоспарланған. Стадион құрылысының ресми бюджеті 5,1 млрд дирхамды (шамамен 500 млн АҚШ долларынан астам) құрайды.

Марокко Касабланкада алып стадион салуды көптен бері армандаған. Алғашқы жоба 2010 жылғы Әлем чемпионатына өтінім беру кезінде ұсынылған еді, бірақ ол жолы Марокко Оңтүстік Африка Республикасына 4 дауыс айырмашылығымен есе жіберді. Кейіннен бұл нысан 2026 жылғы Мундиалға өткізілген өтінімге де енді, алайда Мәскеуде өткен дауыс беруде АҚШ, Канада және Мексиканың бірлескен жобасы басым түсті.

Жағдай 2022 жылғы Қатардағы Әлем чемпионатынан кейін күрт өзгерді. Марокко ұлттық құрамасының жартылай финалға дейін жеткен тарихи ерлігінен соң, елдің Футбол федерациясы ірі турнирлерді қабылдауға белсенді кірісті. Нәтижесінде Марокко 2025 жылғы Африка Ұлттары Кубогы мен 2030 жылғы Әлем чемпионатын өткізу құқығына қол жеткізді.

Хасан II атындағы стадион Әлем чемпионатымен ғана шектелмейді. Турнир аяқталғаннан кейін елдегі ең танымал екі ұжым – «Раджа КАС» және «Видад» клубтарының, сондай-ақ Марокко ұлттық құрамасының негізгі үй аренасына айналады.

Еске сала кетейік, биылғы Әлем чемпионатында Марокко құрамасы ширек финалға дейін жетіп, Францияға есе жіберген еді.

Сондай-ақ оқыңыз