Грант конкурсына өтініш қабылдау басталды: талапкерлер нені білу керек

13 шілдеден грант конкурсына қатысу үшін өтініш қабылдау басталды. Талапкерлер өтінішті 20 шілдеге дейін тапсырады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі құжаттарды жоғары оқу орындарындағы қабылдау комиссиясына офлайн немесе eGov арқылы онлайн тапсыруға болатынын ескертті.
Қандай құжаттар қажет?
Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификатын, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін диплом) тапсыру керек. Сондай-ақ талапкерде жеңілдетілген санат болған жағдайда оны растайтын құжатты да тапсыру қажет.
Білім беру гранттары конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша мынадай шекті балдар белгіленген:
- «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» бағыттары бойынша – кемінде 75 балл;
- «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша – кемінде 70 балл;
- «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мен «Ветеринария» бағыттары бойынша – кемінде 50 балл;
- Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл;
- Басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл.
Естеріңізге сала кетсек, жоғары оқу орындары білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға қабылдау үшін өз шекті балдарын өздері белгілеуге құқылы.
Ауылдық жерлерден шыққан және әлеуметтік осал топтарға жататын талапкерлерді қолдау мақсатында қабылдау науқаны аясында арнайы шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, грант конкурсына қатысу барысында мемлекет бекіткен квоталар бар.
Білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
Бұған дейін министрлік алдағы оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінгенін мәлімдеді. Оның ішінде 75 371 грант – бакалавриатқа, 11 007 грант – магистратураға, 3 079 грант – докторантураға бөлінген.