«Фридом Финанс» өкілі Қапарова мен «ҚазТАГ» арасындағы келісім туралы айтып берді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: shutterstock

Алматының Алмалы аудандық сотында «Фридом Финанс» компаниясының құқықтық және комплаенс стратегиясы жөніндегі басқарушы директоры Егор Трофимов брокерге қарсы жүргізілген ауқымды ақпараттық шабуылдың қалай өрбігенін айтып берді. Сөзінше, Астана тұрғыны Жанна Қапарова қаржы ұйымына қысым көрсету үшін медиа ресурстарын пайдаланатынын алдын ала ашық мәлімдеген.

Жоспар құрып әрекет еткен

Егор Трофимовтің сөзінше, ақпараттық шабуылды ұйымдастыру туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНДРА) өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде айтылған. Айтуынша, 2024 жылдың 15 тамызында Жанна Қапарова агенттік төрағасының орынбасарының көзінше зардап шеккендерді жинап, ақша өндіріп алу туралы айтып, осы мақсатта ақпараттық желілерді пайдаланатын мәлімдеген.

Арада екі апта өткен соң айтқаны жүзеге аса бастаған. Қапарова Instagram әлеуметтік желісінде арнайы парақша ашып, басқа адамдарды шақырып, компанияға қысым көрсетуге және шығынды өндіріп алуға шақырған.

2025 жылдың ақпанында Жанна Қапарова басқа тұлғалармен бірігіп, «ҚазТАГ» ақпарат агенттігімен байланыс орнатқан. Артынша компанияға қарсы ақпараттық шабуыл басталған.

2025 жылдың 3 сәуірінен бастап агенттік брокерге қатысты дәлелсіз айыптаулар қамтылған материалдар сериясын жариялай бастайды.

«Бізді қылмыстық жауапкершілікке жататын әрекеттер жасады деп айыптады. Қаржы пирамидасы деді. Ақшаны офшорларға шығарды деді. Алаяқтық жасады деп жазды. 2025 жылдың сәуірінен бастап «ҚазТАГ» агенттігі 12 мақала жариялады. «Фридом Финанс» бәрін алдын ала жоспарланған, жалған ақпаратқа негізделген және компанияға қысым көрсетуге бағытталған ақпараттық шабуылдың белгісі деп бағалады», – деді ол сотта.

Жанна Қапарова – Астана тұрғыны. Ол анасы, зейнеткер Карлығаш Қапарованың мүддесін қорғап жүргенін айтады. Әйелдің шағымы мен мәлімдемелері «ҚазТАГ» агенттігінің «Фридом Финанс» брокерлік компаниясына қарсы кең ауқымды ақпараттық шабуыл бастауына негіз болған.

Қапарова компанияны лицензиясыз жұмыс істеді, қаржы пирамидасын құрды және брокердің бұрынғы қызметкері Темірлан Бековтің әрекеттері салдарынан анасы ақшасынан айырылды деп айыптаған.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың 3 сәуірінде Жанна Қапарова «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Қасеновпен алдын ала сөз байласқан. Қапарова қоғамдық резонанс арқылы брокерді өтемақы төлеуге мәжбүрлеуді көздесе, Қасенов сайттың қаралымын арттыру мақсатында жалған мәліметтерді жариялауға келіскен.

Бастапқыда Қапарованың мүддесін қорғаған адвокат Светлана Оралбаева брокермен медиативтік келісімге қол қойып, Жанна Қапарова фактілерді әдейі бұрмалап, өзін толықтай жаңылыстырғанын мәлімдеді.

Дау 2024 жылдың күзінде Карлығаш Қапарованың бұрынғы менеджер Темірлан Бековке қарсы арыз жазуынан басталған. Алайда 2025 жылдың жазында Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бұл істі толық тоқтатты. Тергеу барысында клиент Бековтің жұмыстан кеткенін біле тұра оған шотының логині мен құпиясөздерін өз еркімен бергені, табыстың 20 пайызын төлеуге келіскені және әрбір мәмілені SMS-код арқылы өзі растағаны анықталған. Осылайша, ол брокерлік компанияның ішкі талаптарын бұзған.

Айта кетейік, «ҚазТАГ» ХАА бас редакторы Әмір Касенов пен Астана тұрғыны Жанна Қапарова жалған ақпарат таратты деп айыпталып отыр. Ал агенттіктің бас директоры Әсет Матаев бұзақылық және қызметтік міндеттеріне адал қарамау баптары бойынша сотқа тартылған.

Сондай-ақ оқыңыз