«Фридом Финанс» компанияға қарсы әрекетті Қапарова үйлестірді деп мәлімдеді

«Фридом Финанстың» құқықтық және комплаенс стратегиясы жөніндегі басқарушы директоры Егор Трофимов Алматының Алмалы аудандық сотында компанияның бұрынғы қызметкерлері Игорь Световой мен Темірлан Беков туралы айтты. Сөзінше, екі жағдайдың бір-біріне қатысы жоқ. Алайда «ҚазТАГ» екеуін брокерге қарсы ақпараттық шабуыл кезінде біріктірген.
Трофимов бір-біріне қатысы жоқ екі оқиға туралы айтып берді. Біріншісі компанияның бұрынғы қызметкері Световойға қатысты болды. Трофимовтың сөзінше, Световой таныстарынан қарызға ақша алып, қайтармаған. Қарыз берген адамдардың бір бөлігі оны «Фридом Финанс» қызметкері ретінде танығандықтан, ақшаны компаниядан өндіріп алуға тырысқан.
Екінші оқиға Темірлан Бековке қатысты болды. Трофимовтың айтуынша, клиенттердің бірі Жанна Қапарова (қылмыстық істегі сотталушы – ред.) өз еркімен брокердің бұрынғы қызметкеріне шотына қатысты деректеді берген. Кейін қаражат жоғалған соң, Бековтің өзіне емес, «Фридом Финансқа» талап қоя бастаған.
«Осы екі жағдайда жекелеген азаматтар екеуінен ақшасын өндіріп алғысы келген, бірақ тактика тұрғысынан қаражатты «Фридом Финанс» компаниясынан өндіріп алу тиімдірек деп санаған», – деді Трофимов.
Сөзінше, кейін олар бірігіп, Қапарованың үйлестіруімен «ҚазТАГ» ақпарат агенттігімен байланыс орнатқан.
«Олар 2025 жылдың көктемінде бірігіп, өздерінің алаңы ретінде «ҚазТАГ» басылымын таңдаған деп ойлаймын. Басылым олардың уәждеріне қызығушылық танытқанымен, келтірілген деректерді қайта тексермеген», – деді ол.
Трофимовтың айтуынша, Световой мен Бековтің есімі компанияны қаржы пирамидасын құрды, ақшаны офшорға шығарды және алаяқтық жасады деп айыптаған материалдарда пайдаланылған.
«Дәл осы екі адамның аты-жөні мен оларға қатысты жағдай «қаржы пирамидасы», «офшор», «алаяқтық схемалары» және осыған ұқсас тіркестерді қолдануға ыңғайлы болды», – деді «Фридом Финанс» өкілі.
Алайда екі жағдайдың бір-бірімен өзара байланысты жоқ. Екеуі екі түрлі қалада, әртүрлі уақытта болған.
Бұған дейін сот отырысында Трофимов Жанна Қапарованың 2024 жылдың өзінде-ақ «Фридом Финансқа» қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастыру ниеті бар екенін ашық айтқанын мәлімдеді.
Қазір Алматының Алмалы аудандық сотында агенттік басшылығы көрінеу жалған ақпарат таратты деп айыпталып отыр. Сонымен қатар тараптар медиативті келісім жасауды да талқылап жатыр.
Айта кетейік, «Фридом финанс» компаниясының бұрынғы менеджері Темірлан Бековке қатысты қылмыстық іс 2024 жылдың қазанында зейнеткер Карлыгаш Қапарованың арызы негізінде қозғалған.
Алайда 2025 жылдың жазында Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қылмыс құрамы болмағандықтан істі толық тоқтатты. Тергеу барысында клиенттің Бековтің компаниядан жұмыстан кеткенін біле тұра оған логині мен құпиясөзін өз еркімен бергені, табыстың 20 пайызын уәде еткені және әрбір мәмілені SMS-код арқылы өзі растағаны анықталды.
Компанияның тағы бір бұрынғы қызметкері Виталий Световойға қатысты қылмыстық іс 2025 жылдың 5 қаңтарында қозғалды. Сол жылдың 23 қаңтарында ол алаяқтық және клиент сенімін теріс пайдаланды деген айыппен қамауға алынды.