2,5 миллион адам Аргентинаны Әлем чемпионатынан шеттетуді талап етіп отыр

Желіде Аргентина құрамасын 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатынан шеттетуді талап ететін бейресми петиция пайда болды. Бүгінге дейін оған 2,5 миллионнан астам адам қол қойып үлгерді.
Петиция үшін «Argentina Out» сайты ашылған. Бұның Халықаралық футбол федерациясы мен ұлттық футбол қауымдастықтарымен еш байланысы жоқ. Ақпарат жарияланған сәтте петицияға 2,5 миллионнан астам адам қол қойған.
Петицияның талабы қандай?
Петицияда FIFA мен төрешілер Аргентина құрамасының капитаны Лионель Мессиге бір бүйірі бұрып тұратыны жазылған. Соның кесірінен Аргентина командасы шешуші ойындарда басымдыққа ие болады деп есептейді.
«FIFA мен төрешілердің Лионель Месси мен Аргентинаға жақтасатыны айдан анық. Егер жеңімпаз алдын ала белгілі болса, қалған командалар не үшін қатысып жүр? Аргентинаны әлем чемпионатынан шеттетіп, басқаларға әділ мүмкіндік беріңіздер», – делінген петиция мәтінінде.
Айта кетейік, петицияның басталауына плей-офф кезеңіндегі төрешілердің төңірегінде туындаған дау-дамай себеп болды. Аргентина құрамасынан жеңілген Мысыр мен Швейцария командалары төрешілердің шешімдеріне келіспейтіндерін айтқан.
Әсіресе, Мысыр футбол қауымдастығының президенті Хани Абу Рида 1/8 финалдағы ойынға қатысты нақты талап қойды. Ол Мысыр құрамасы соққан голдың есептелмей қалуы мен олардың пайдасына тағайындалуы тиіс болған пенальтидің берілмеуін қайта зерттеуді талап етіп отыр.