Таразда 2 мың теңгеге есірткі таратқан әйел 7 жылға сотталды

Тараз қаласының №2 соты психотроптық заттарды заңсыз сақтаған және таратқан 43 жастағы әйелге қатысты үкім шығарды.
Ол Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1) және 3) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Telegram арқылы «жұмыс» ұсынған
Сот материалдарына сәйкес, Алматы қаласының жұмыссыз тұрғыны Telegram мессенджеріндегі жұмыс туралы хабарландыру арқылы белгісіз адамдармен байланысқа шыққан. Олар оған Тараз қаласында «есірткі жасырушы» болып жұмыс істеуді ұсынған.
Әйел кураторлар жіберген координаттар бойынша психотроптық заттарды алып, оларды бөліктерге бөліп, орап, қаланың әртүрлі жерлеріне жасырған. Кейін жасырылған орындардың суреттері мен координаттарын кураторларға жолдап отырған. Әр жасырылған түйіншек үшін оған 2-2,5 мың теңге төленетіні айтылған.
Айғақтар
2026 жылдың сәуірінде әйел кезекті есірткі жасыру кезінде полиция қызметкерлерінің қолына түсті. Тінту барысында одан жалпы салмағы 123 грамнан асатын a-PvP психотроптық заты, электронды таразы, қаптама материалдары және өзге де айғақты заттар тәркіленді.
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Прокурор оны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Жаза
Сот әйелдің бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінгенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Нәтижесінде сот оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Жамбыл облысында есірткі арналарының жолын кесуге және өңірден тыс жерлерге есірткінің таралуына жол бермеу үшін 71 тонна қарасора шабылып, өртелді.