Ресей құрамасы мен футбол клубтары өз ойындарын Алматыда өткізуі мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
© Mikhail Shapaev / The Russian Football Union

Футболдан Ресей ұлттық құрамасы мен футбол клубтары ФИФА мен УЕФА аясындағы ресми жарыстарға қайта оралған жағдайда өздерінің ойындарын Қазақстан аумағында өткізуі мүмкін. Бұл туралы Sport 24 басылымы хабарлады.

Қазақстан тарапы Ресей командаларына бейтарап алаң ретінде өз стадиондарын ұсынуға дайын екенін білдірген.

Алматы мен Шымкент таңдалды

Мәліметтерге сүйенсек, халықаралық матчтарды қабылдауға негізгі кандидат ретінде Алматыдағы Орталық стадион мен Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион қарастырылып жатыр.

Ресейлік тараптың бұл екі аренаны басты орын ретінде таңдауының бірнеше себебі бар. Қос стадион да табиғи шөппен қапталған. Бұл – УЕФА-ның халықаралық ойындарға қоятын ең басты талаптарының бірі. Екі арена да еуропалық стандарттар мен қауіпсіздік талаптарына барынша сай келеді.

Астана мен Ақтөбеден бас тартты

Бастапқыда үміткерлер тізімінде Астана мен Ақтөбе қалаларындағы стадиондар да болған. Алайда екі стадионның да газоны жасанды. Осыған дейін Қазақстанға келіп ойнаған бірқатар шетелдік құрамалар мен клубтар жасанды алаңдардың сапасына қатысты бірнеше рет наразылық білдірген еді.

Түпкілікті шешім қалай қабылданады?

Қазақстан стадиондарды беруге келісім бергенімен, әрбір ойынның өткізілуі мұқият жоспарланады. Кездесулерді белгілеу барысында еліміздің ішкі және халықаралық футбол күнтізбесі басты назарға алынады.

«Ареналардың бос болуы ең алдымен Қазақстан ұлттық құрамасының ресми ойындары мен еліміздің еурокубоктарда өнер көрсететін клубтарының кестесіне тікелей байланысты болады. Сондықтан ойын күндерінің бос болуы басты рөл атқарады», – деп жазады дереккөз.

Ресей халықаралық аренаға орала ма?

Еске сала кетейік, Ресей футбол құрамалары мен клубтары 2022 жылдан бері ФИФА мен УЕФА турнирлерінен шеттетілген болатын. Жақында УЕФА бұл шектеуді 2026/27 жылғы маусымға да ұзартты.

Дегенмен Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) халықаралық спорт федерацияларын ресейлік спортшыларға салынған шектеулерді алып тастауға шақырғаннан кейін, ФИФА да бұл мәселені қайта қарауды жоспарлап отыр. Егер оң шешім қабылданса, ресейлік футболшылар Алматы мен Шымкент стадиондарында өнер көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Алматыда 35 мың көрерменге арналған жаңа стадион 2028 жылы салынып бітеді.

Сондай-ақ оқыңыз