«ҚазАвтоЖол» жол құрылысындағы жемқорлықты анықтап, құқық қорғау органдарына жүгінді

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жол құрылысы саласында сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтаған.
Бұған қатысты материалдарды компания құқық қорғау органдарына тапсырған.
Компанияның мәліметінше, заң бұзушылықтар ішкі бақылау, аудит және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің тексеруі барысында анықталған.
Солтүстік Қазақстанда бас инженер парамен ұсталды
Компанияның бастамасымен 2026 жылғы 8 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мердігер ұйымның техникалық қадағалау жөніндегі бас инженерін ұстаған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол орындалған жұмыстардың аралық актісіне қол қою үшін оның жалпы сомасының 1%-ы көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.
Ақмола облысында 24 млн теңгеден астам залал анықталды
Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» жүргізген қызметтік тергеу мен аудит қорытындысы негізінде Көкшетау көлік прокуратурасы «ҚАЖсервис» ЖШС-нің Ақмола облыстық филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты Қылмыстық кодекстің 250-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.
Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген залал көлемі 24 млн теңгеден асады.
Компания не деді
«ҚазАвтоЖолдың» хабарлауынша, анықталған барлық дерек ішкі бақылау жүйесінің нәтижесінде белгілі болған. Компания құқық қорғау және қадағалау органдарымен бірлесіп жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.
Сондай-ақ ұлттық компания 2025 жылғы шілдеден бастап күшіне енген заңнамалық өзгерістерге сәйкес техникалық және авторлық қадағалау мамандары мемлекеттік функцияларды орындайтын тұлғаларға теңестірілгенін еске салды. Сондықтан оларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың барлық талаптары қолданылады.
Компания жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану немесе өзге де заңсыз әрекеттердің әрбір фактісі құқық бұзушының лауазымына қарамастан құзырлы органдарға жолданатынын атап өтті.
Сондай-ақ, «ҚазАвтоЖол» ақылы жолдармен жиі жүретін жүргізушілер үшін айлық және жылдық абонементтердің бағасы мен оны рәсімдеу жолдарын атаған болатын.