Елдегі алғашқы ЖИ университетке қалай түсуге болады

Қазақстандағы алғашқы ЖИ университетке құжат тапсыру жүріп жатыр. Бұл қандай оқу орны және қалай түсуге болады? Материалдан оқыңыз.
Qazaq AI Research University қандай оқу орны?
Qazaq AI Research University – Қазақстандағы алғашқы ЖИ университет. Осындай білім ордасын ашу туралы идеяны алғаш рет Тоқаев 2025 жылы қазанда өткен жиында айтқан еді. Бұл университетті ашудағы негізгі мақсат – ЖИ-ді экономиканың барлық саласына енгізе алатын кадрлар даярлау.
Президент тапсырмасынан кейін сегіз ай өткен соң ЖИ университетінің базасы қалыптасып, түлектерден құжат қабылдауға кірісті.
Биыл құжат қабылдау 20 маусымнан басталды, бакалавриатқа талапкерлер қабылдап жатыр. Ал магистратурада оқығысы келетіндер үшін екі түрлі бағыт бар: ғылыми-педагогикалық және бейіндік бағыт. ЖИ университетке бакалаврден кейін екінші мамандық есебінде де немесе магистратураға да түсуге болады.
Тоқаев бұл оқу орнын ашқанда әлемде алғаш болып IT университет ашқан БАӘ-нің тәжірибесіне сүйенетінін айтқан. Дегенмен алғашқы серіктестер қатарында араб оқу орындары емес Қытай мен Финляндиядағы университеттер тұр. Қазір Qazaq AI Research University әкімшілігі Shanghai Innovation Institute, UNESCO-ICHEI және Хельсинки университетімен ресми келісімдер жасалды.
Арабтармен серіктес боламыз ба?
Министрлік дерегінше, Қытай мен Еуропаның өзге білім ордаларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. БАӘ-дегі MBZUAI жасанды интеллект университетімен де диалог орнатуға талпыныс бар.
«Сонымен қатар Қытайдың белгілі Цинхуа (Tsinghua) және Шанхай Цзяо Тун (SJTU) университеттерімен ынтымақтастық құжаттары әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек, Стэнфорд, Карнеги-Меллон (АҚШ), Гонконг ғылым және технология университеті (HKUST), Мюнхен техникалық университеті (Германия) және БАӘ-дегі MBZUAI жасанды интеллект университеті сияқты әлемдік көшбасшы оқу орындарымен тығыз байланыс орнату үшін келіссөздер жүргізілуде», – деп жазылған ведомство жауабында.
Университетті дамытудың тағы бір маңызды бағыты – Huawei, Lenovo, Samsung, Google, Yalong Education және Unitree Robotics сияқты әлемдік техно алпауыттармен серіктестік орнату. Оның аясында оқу орны базасында жасанды интеллект зертханалары, халықаралық сертификаттау орталықтары мен жобалау студиялары ашылып, заманауи білім беру бағдарламалары мен арнайы курстар іске қосылады. Әсіресе, робототехника, өздігінен жұмыс істейтін автономды жүйелер, өндірісті автоматтандыру, компьютерлік көру, бұлтты технологиялар және қолданбалы жасанды интеллект бағыттары бойынша зертханалар құруға ерекше назар аударылады.
ЖИ университетінен грант ұтып алу үшін не істеу керек?
Жақында Qazaq AI Research University «QAIRU INFLECTION 2026» ұлттық грант байқауын жариялады. Жеңімпаздарға университеттен толық грант береді, шетелдік университеттер мен компаниялардан тағылымдама өтуге мүмкіндік бар.
Байқауға 2026 жылғы мектеп және колледж түлектері, QAIRU білім беру бағдарламаларына түсуді жоспарлап отырған кез келген талапкерлер қатыса алады. ҰБТ-ның төменгі көрсеткіші 70 балдан кем болмауы керек.
Байқау үш кезеңнен тұрады:
- Бірінші кезең – «Show Yourself»: Қатысушылар өздері, қызығушылықтары, армандары, мақсаттары мен ынтасы туралы қысқаша бейнеролик түсіруі қажет. Бейнероликтерді қабылдау 2026 жылғы 15 шілдеге дейін жалғасады.
- Екінші кезең – Онлайн іріктеу: Бұл кезең 22-29 шілде аралығында өтеді. Мұнда қатысушылардың логикалық және сараптамалық ойлау қабілеті тексеріліп, онлайн-сұхбат жүргізіледі.
- Байқаудың ақтық кезеңі 2026 жылғы 12-14 тамыз аралығында QAIRU университетінде өтеді. Финалға бүкіл ел бойынша ең үздік 20 қатысушы жолдама алады. Олар жобалық сессияларға, шеберлік сабақтарына қатысып, сарапшылар комиссиясының алдында өз жобаларын қорғайды. Қатысушылардың жол жүру, тұру және тамақтану шығындарын университет толығымен өз мойнына алады.
Оқу орны Астанада орналасқан, конкурс жайлы толығырақ университет сайтынан білуге болады.