Мұнай бағасы төрт аптаның ең жоғары деңгейіне көтерілді

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Мұнай бағасы / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Әлемдік нарықта мұнай күрт қымбаттады. 14 шілдеде Brent маркалы мұнайдың бағасы 3,8%-ға өсіп, барреліне 86,47 долларға жетті. WTI мұнайы 2,8%-ға қымбаттап, 80,29 доллар болды. Екі марканың да бағасы соңғы төрт аптадағы ең жоғары деңгейге көтерілді.

Brent мұнайының бағасы

Салыстыру үшін, 10 шілдедегі сауда қорытындысында Brent барреліне 76,01 доллар тұрған еді. Яғни бірнеше сауда күнінің ішінде мұнай 10 доллардан астам қымбаттады.

Бағаның өсуіне АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың қайта күшеюі себеп болды. Нарық қатысушылары Ормұз бұғазы арқылы мұнай тасымалдау қиындауы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Қақтығыс басталғанға дейін бұл бағыт арқылы әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің шамамен бестен бірі өткен. Соңғы мәлімет бойынша, бұғаз арқылы өтетін танкерлер саны екі айдағы ең төменгі деңгейге түсті.

Таяу Шығыстағы бірнеше мұнай танкеріне шабуыл жасалуы да алаңдаушылықты күшейтті. Кеме компаниялары аймаққа кіруге сақтықпен қарап, ал Азиядағы мұнай өңдеушілер Батыс Африка, Латын Америкасы және Ресейден балама жеткізілім іздей бастады. Нарықта жақын мерзімде мұнай тапшылығы болуы мүмкін деген белгі күшейген.

Сарапшылардың пікірінше, тасымалдаудағы кедергілер жалғаса берсе, Brent бағасы біраз уақыт 85–90 доллар аралығында қалуы мүмкін. Алайда геосаяси жағдай тұрақтанып, мұнай жеткізілімі қалпына келсе, баға қайта төмендеуі ықтимал. АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасы үшінші тоқсанда Brent мұнайының орташа бағасын 74 доллар деңгейінде болжап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз