44 млн теңгеден астам қаражат жымқырған кәсіпкер әйел сотталды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский
shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Қостанайда 44 млн теңгеден астам қаражатты жымқырған кәсіпкерге қатысты сот үкімі шықты.

Қостанай соттары ақпаратына қарағанда, ол сеніп тапсырылған қаражатты заңсыз иемденді деп танылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Ниеті болмаған

Сотталушы К. өз атына тіркелген «Velvet» жеке кәсіпкерлігі арқылы интернет-сауда алаңдарында жәбірленушілерге тауарларды бөліп төлеу арқылы рәсімдеуді ұсынған. Кейін рәсімделген тауарды жеткізуге қатысты міндеттемелерін орындамаған. Тіпті, ниеті де болмаған. Алаң болмастан, түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өз пайдасына пайдаланып жүрген.

Лицензиясы жоқ

Сонымен қатар, Қостанай облысындағы ресми айырбастау пункттерінде белгіленген бағамнан төмен бағаммен теңгені рубльге және АҚШ долларына айырбастау қызметін ұсынған. Қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларын жүргізуге лицензиясы да болмапты. Бұған қарамастан, жәбірленушілерден алынған ақшалай қаражатты жымқырған. Нәтижесінде 4 жәбірленушіге жалпы сомасы 44 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Тағайындалған жаза

Сот сотталушының жеке басын, жәбірленушілердің пікірін және істің барлық мән-жайларын ескере отырып, оған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру және 3 жыл мерзімге қаржылық қызмет көрсету саласында қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын тағайындады.  

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Мұның алдында Қостанайда шаруаларды 150 миллион теңгеге алдаған кәсіпкер жазаға тартылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз