Қырғызстан бензин мен дизель отынын елден шығаруға тыйым салды

Қырғызстан үкіметі ішкі нарықты мұнай өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында мұнай мен жанар-жағармай материалдарын экспорттауға уақытша тыйым салды. Тиісті қаулыға 13 шілдеде қол қойылды
Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті қабылдаған №484 қаулыға сәйкес, елден мұнай мен мұнай өнімдерін автомобиль және теміржол көлігімен сыртқа шығаруға уақытша шектеу енгізілді.
Тыйым ішкі нарық толық қамтамасыз етілгенге дейін немесе Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы құрылғанға дейін күшінде болады.
Бұл шектеу тек ЕАЭО-дан тыс елдерге ғана емес, жалпы Қырғызстаннан мұнай өнімдерін кез келген бағытқа шығаруға қатысты қолданылады.
Министрлер кабинетінің арнайы шешімімен қайта өңдеуге жіберілетін және кейін елге қайта әкелінетін нафта, мазут және пеш отыны бұл талаптан тыс қалады. Сондай-ақ, көліктердің зауыттық (штаттық) жанармай бактарындағы отынға шектеу қойылмайды.
Сонымен қатар, ел ішіндегі тапшылықты жою үшін 2019 жылдан бері қолданылып келген «автокөлікпен мұнай өнімдерін әкелуге қойылған уақытша тыйымның» күші 2027 жылдың 1 сәуіріне дейін тоқтатылды. Яғни, Қырғызстанға сырттан жанармай тасу жеңілдейді.
Соңғы уақытта жанар-жағармай өнімдерін Қазақстан шекарасынан көрші елдерге заңсыз тасымалдайтындардың қатары көбейіп кетті. Осыған байланысты шетелдік ірі жүк көліктері мен жеңіл машиналардың Қазақстанға кіруіне шектеу қойылды.