Қазақстанда жарты жыл ішінде жол апатынан 800-ден аса адам қаза тапты

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Аға журналист
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда 15 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 832 адам қаза тапты. inDrive сервисінің дерегінше, өліммен аяқталған жол апаттарының 86%-ы өңірлерде болған. Мұндай қайғылы оқиғалардың басым бөлігі қалааралық жолдарда тіркелген.

Алты айдың қорытындысы бойынша елде:

  • 15 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді;
  • 20,4 мың адам түрлі жарақат алды;
  • 832 адам көз жұмды.

Алматы, Астана және Шымкент қалаларында барлық жол апаттарының шамамен 38%-ы болғанымен, қайтыс болғандардың үлесі небәрі 13,6 %-ды құрайды. Ал өліммен аяқталған жол-көлік оқиғаларының қалған 86%-ы өңірлерде тіркелген.

Талдау нәтижесіне сәйкес, қалааралық бағыттардағы әрбір үшінші жол апаты (31,7%) адам өлімімен аяқталады. Бұл орташа көрсеткіштен шамамен алты есе жоғары. Сарапшылардың айтуынша, ең үлкен қауіп республикалық маңызы бар трассаларда емес, облыстық маңызы бар автожолдарда байқалады.

«Алдыңғы немесе артқы орында отырғанына қарамастан, қауіпсіздік белдігін тағу – заң талабы ғана емес, адамның өміріне тікелей қатысты мәселе. Бұл – әркім өз өмірін қорғау үшін жасай алатын ең қарапайым әрекет», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова.

Осы статистика аясында inDrive «Арманыңызды бекітіңіз» атты әлеуметтік науқанын бастады. Науқан аясында жол-көлік оқиғасы салдарынан өмірі қиылып, армандары жүзеге аспай қалған адамдар туралы бейнероликтер жарияланып жатыр.

Науқанның басты мақсаты – жүргізушілер мен жолаушыларға әрбір сапар кезінде қауіпсіздік белдігін тағудың маңызын еске салу.

Еске салайық, жуырда Алматы-Өскемен тасжолында ірі жол апатынан бір адам қаза тапқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз