Ормұз бұғазы тағы да әлемдік нарықтың жүйкесін жұқартты

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Ормұз бұғазы әлем назарында / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

АҚШ пен Иран арасындағы жағдай қайта шиеленісіп, инвесторлардың назары Ормұз бұғазына ауды. Сол себепті бұғаздағы кез келген қауіп мұнай бағасын ғана емес, доллар бағамын, инфляция күтімін және қор нарықтарының көңіл күйін де өзгерте алады.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, АҚШ Иранға қысымды күшейтіп, Иран порттарына қатысты теңіз блокадасын қайта енгізген. Бұған дейін Вашингтон Тегеранды Ормұз бұғазындағы коммерциялық кемелерге қауіп төндірді деп айыптаған. Иран болса мұны қысым саясаты деп бағалап отыр.

Нарықтың алаңдауы бекер емес. Ормұз бұғазы – әлемдік энергия нарығының ең сезімтал нүктелерінің бірі. Бұл жерден мұнай мен сұйытылған газ тасымалдайтын танкерлер өтеді. Егер кеме қозғалысы баяуласа немесе қауіп күшейсе, мұнай бағасы бірден жоғары секіруі мүмкін.

Reuters дерегінше, блокада күшіне енбей тұрып, бұғаз арқылы өткен кемелер саны артқан. Бұл трейдерлер мен компаниялардың шектеулер басталмай тұрып жүкті өткізіп алуға тырысқанын көрсетеді. Яғни нарықта «бірдеңе болып кетуі мүмкін» деген қорқыныш бар.

Brent мұнай бағасы онлайн

Brent Crude Oil, USD/баррель. Дерек TradingView арқылы жаңарып тұрады.

Сонымен қатар шиеленіс күшейген соң Brent бағасы 1,2% өсіп, барреліне 85,72 долларға, ал WTI 0,8% қымбаттап, 79,98 долларға жетті. Бұл Астана уақытымен 09:27-де тіркелген баға. Осылайша мұнай бағасы төрт аптаның ең жоғары деңгейіне көтерілді.

Қазір басты сұрақ – бұл тек қысқа мерзімді саяси қысым ба, әлде ұзаққа созылатын жаңа дағдарыстың басы ма? Егер АҚШ пен Иран келіссөзге келсе, мұнай бағасы тынышталады. Ал егер Ормұз бұғазындағы қауіп күшейсе, нарықтағы құбылмалылық әлі артады.

Сондай-ақ оқыңыз