Алматы облысында байланыс бағандарының үстінен тротуар салып тастаған

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
pexels, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
pexels, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Алматы облысындағы Шелек ауылында дәл ортасында байланыс бағандары бар тротуар салынды.

Бұл жайт тұрғындардың ашуын тудырды. Өйткені жаяу жүргіншілер тротуарда бағандарға тіреліп, айналып өтуге тура келеді. Бағандар «Қазақтелеком» АҚ-ға тиесілі екен.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі бұл жайтты растады.  

«Қазіргі уақытта Шелек ауылында Вихрев, Қайыпов, Қабылов және Нұрғазин көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салу қарастырылған. Орташа жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы «АИС ПРОЕКТ» ЖШС әзірлеген. Жоба бойынша 2025 жылғы 13 мамырда №460/2025 ведомстволық қорытынды алынған», – деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Әкімдіктің мәліметінше, жобаға тапсырыс беруші – Еңбекшіқазақ ауданының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Мердігер ұйым – «Жетісу Жол Құрылыс» ЖШС. Ал техникалық қадағалау Buildex ЖШС еншісінде.

«Жөндеу барысында «Қазақтелеком» АҚ-ның байланыс бағандары жобада қарастырылған тротуардың дәл ортасында орналасқаны анықталған. Осыған байланысты тапсырыс беруші «Қазақтелеком» АҚ-ның атына қызметтік хат жолдады. Қазір байланыс бағандарын жобада көрсетілген орындарға кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Әкімдіктің хабарлауынша, барлық баған көшірілгеннен кейін тротуарға толық көлемде асфальт-бетон жабынын төсеу жұмыстары аяқталмақ.

Айта кететін жайт, Алматы қаласында Масанчи көшесіндегі жоба көшенің келбетін толық жаңартуы тиіс. Ескі жабындыны алып тастап, жаңа тротуар плиталарын төсеу, бордюр орнату және барлық тұрғынға қолжетімді орта қалыптастыру жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз