Назарбаев әулетіне тиесілі компаниялар әлі бюджетке салық қарызын төлемеген

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media архиві

Назарбаевтың туыстарына тиесілі компаниялар бірнеше жылдан бері бюджетке салық берешегін төлемей жүр. Мемлекеттік кірістер комитеті ай сайын қазынаға салық қарызы бар компаниялар тізімін жариялайды. Сол тізімнің көш басында марқұм Болат Назарбаевпен байланысы бар компания тұр.

«Ai-To Progress» ЖШС-ның бюджетке салық қарызы 114 млрд теңгеге жуықтаған. Соның 63,5 млрд теңгесі негізгі қарыз болса, 50,4 млрд теңгесі – өсімпұл.

Осыдан 19 жыл бұрын құрылған компанияны кейбір басылымдар Болат Назарбаевпен байланыстырады. Сол жылдары BN DEC SERVICE деп аталып, құрылтайшылар құрамында Назарбаевтың өзі болғанын жазады. Назарбаев 2017-2019 жылдары құрылтайшылар қатарында болған.

Алайда қазір аталмыш компания жұмысын тоқтатып, 2023 жылдан бері салық төлемеген. Соңғы құрылтайшы мен басшысы Дәурен Молдағалиев болған.

Екінші орында Алматы қаласында тікелген Alpha-bet букмекер компаниясы тұр. Оның қарызы 99 млрд теңгеге жеткен. Компанияның негізгі борышынан өсімпұлы асып кеткен: негізі қарыз 42,6 млрд теңге болса, өсімпұлы 56,4 млрд теңгеге жеткен. Букмекердің жарғылық капиталының жалғыз иесі – Velora Group LTD.

«Үздік үштікті» «TEX ALLIANCE» ЖШС түйіндеп тұр. Бұл компанияның салық қарызы 98 млрд теңгеден асып кетті. Соның бар-жоғы 17,4 млрд теңгесі негізгі қарыз болса, ал 80,8 млрд теңгесі өсімпұл ретінде есептелген.

Алматы облысында тіркелген компанияның жалғыз иесі – Азамат Жанұзақов. Бұл компанияны да кезінде Бас прокуратура Қытайдан заңсыз тауар кіргізумен айналысқан ұйымдардың тізіміне енгізген.

Әнипа Назарбаева мен Әли Қылышпаевқа тиесілі «GROUP OF THE COMPANIES TDA» компаниясы 97,9 млрд теңге салық қарызын жинаған. Соның 52,9 млрд теңгесі негізгі қарыз болса, қалғаны – айыппұл мен өсімпұл. Түрлі тауар сатумен айналысатын компания жұмыс істеп тұрғанымен, ашық дереккөзге сәйкес, 2023 жылдан бері салық төлемеген. Биыл банкрот болуға талпынғанымен, сот өтінішін кері қайтарған.

Әнипа Назарбаева — Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы және кәсіпкер.

Қазіргі кезде жұмысы тоқтаған «OLIMP KZ» букмекер компаниясының мойнында 87 млрд теңгеден аса салық қарызы ілініп тұр. Букмекердің жалғыз иесі Анарбек Жауыров 2021 жылы сотталып, халықаралық іздеу жарияланған. Оған заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастырды, салық төлеуден жалтарды қылмыстық топ құрды деген айып тағылды.

Ірі борышкерлер тізімінің 6-сатысында тұрақтаған «GB Invest» компаниясының төлемеген салығы 49,2 млрд теңгені құрайды. Бас прокуратураның мәліметінше, компания заңсыз сауда-саттықпен айналысқан. Ашық дереккөзде жалғыз акционері ретінде Наджиб Файез көрсетілгенімен, баспасөз құралдары аталмыш компанияны да марқұм Болат Назарбаевтың отбасымен байланыстырған.

2018-2023 жылдары Болат Назарбаевтың қызы Гүлмира құрылтайшылар қатарында болған.

Жетінші орындағы «Астана-Финанс» АҚ-ның мемлекетке салық берешегі 28,6 млрд теңгеге тең. Аdata.kz сервисінде компания құрылтайшыларының құрамы жасырылған.

Сонымен қатар ірі борышкерлер тізімінде  «Кастинг» ЖШС 20,7 млрд теңге және астаналық «ҚазГерСтрой» компаниясы 10 млрд теңге берешекпен кірген. «ҚазГерСтрой» бірлескен компаниясы да Назарбаев әулетімен байланысты.

Аdata.kz мәліметі бойынша, 2004 жылы тіркелген компанияның құрылтайшысы – Bereke Astana Group ЖШС. Ал бұл серіктестікке Нұрсұлтан Бауыржан Қайратұлы мен Айдар Лазаров иелік етеді. Нұрсұлтан Бауыржан – Қайрат Сатыбалдының ұлы.

Сондай-ақ оқыңыз