Әлем чемпионатынан кейін Франция құрамасын Зинедин Зидан жаттықтырады

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін Франция ұлттық құрамасында үлкен өзгеріс орын алады. Ұзақ жылдар бойы команда тізгінін ұстаған Дидье Дешам қызметінен кетіп, оның орнына аңызға айналған француз маманы Зинедин Зидан жаңа бас бапкер болып тағайындалады. Мадридтік «Реалдан» кеткеннен кейін бірнеше жыл бойы үзілісте болған Зидан осылайша үлкен футболға қайта оралмақ.
Италиялық танымал инсайдер-журналист Фабрицио Романоның мәліметінше, қазіргі бас бапкер Дидье Дешам бұл шешімін әлем біріншілігі басталмай тұрып-ақ қабылдап қойған. Ол турнир аяқталған соң өз еркімен қызметін босататынын алдын ала мәлімдеген. Биылғы Әлем чемпионатында оның шәкірттері жартылай финалға дейін жеткенімен, Испания құрамасынан 0:2 есебімен ұтылып, алтын жүлдеден үмітін үзді. Енді Дешам шәкірттері 19 шілде күні Аргентина мен Англия арасындағы екінші жартылай финалда жеңілген командамен үшінші орын үшін таласады.
Дидье Дешамның рекордтары
Дидье Дешам Франция құрамасын 2012 жылдан бері басқарып, ұлттық команда тарихындағы ең табысты бапкерлердің біріне айналды. Дешам Франция құрамысымен бірге футбол тарихында бірнеше рекордтар орнатты.
Соның бірі әлем чемпионаттарындағы ойын саны бойынша абсолютті рекордшы. 2026 жылғы Әлем чемпионатының Испанияға қарсы өткен жартылай финалдық кездесуі 57 жастағы маман үшін мундиальдар тарихындағы 26-шы матч болды. Осылайша, ол Германия (ФРГ) құрамасын 1956–1978 жылдары жаттықтырған аңыз Хельмут Шеннің рекордын (25 матч) жаңартты. Алдағы үшінші орын үшін ойын Дешамның әлем біріншіліктеріндегі 27-ші матчы болмақ.
Дешамнің тағы бір ерекше рекорды әлем кубогын ойыншы ретінде де (1998 жылы құрама капитаны ретінде), жаттықтырушы ретінде де (2018 жылы) басына көтерген тарихтағы үшінші адам. Бұдан бөлек мұндай жетістікке бразилиялық Марио Загалло мен неміс Франц Беккенбауэр ғана қол жеткізген. Дешамнің жетекшілігімен француздар 2018 жылы әлем чемпионы атанды, сондай-ақ 2022 жылғы Әлем чемпионаты мен 2016 жылғы Еуропа чемпионатының финалында өнер көрсетті.

Зинедин Зидан кім?
Зинедин Зидан бұған дейін мадридтік «Реалды» жаттықтырып, қатарынан үш рет беделді Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Сондай-ақ «корольдік клубпен» бірге екі рет Испания чемпионы атанды. 54 жастағы маман үшін бұл ұлттық құрама деңгейіндегі алғашқы бапкерлік тәжірибе болмақ.
Футболшы ретіндегі мансабы мен 2006 жылғы ұмытылмас финал
Зинедин Зидан футболшы ретінде атын таныстыруды қажет етпейтін ойыншы. Ол «Ювентус» пен «Реал Мадрид» секілді алпауыт клубтарда ойнап, 1998 жылы Франция құрамасымен бірге өз үйінде әлем чемпионы атанды. Оның алаңды көре білу қабілеті, допты басқару шеберлігі мен эстетикалық ойын мәнері оны футбол тарихындағы ең үздік жартылай қорғаушылардың қатарына қосты.
Алайда, Зиданның соңғы әлем чемпионаты футбол тарихында ерекше есте қалды. 2006 жылы Германияда өткен Әлем чемпионатының финалында Франция мен Италия құрамалары кездесті. Бұл ойын Зиданның кәсіби футболшы ретіндегі соңғы матчы еді. Матчтың қосымша уақытында италиялық қорғаушы Марко Матераццимен сөзге келіп қалған Зидан ашуға бой алдырып, оны басымен кеудесінен соғып құлатты.

Бұл сәт футбол тарихындағы ең драмалық эпизодқа айналды: төреші Зиданға қызыл қағаз беріп, алаңнан қуды. Зидансыз қалған Франция құрамасы пенальти сериясында Италияға жол берді. Бұл қызыл қағаз Зиданның мансабындағы сәл де болса көлеңкелі, бірақ футбол жанкүйерлерінің жадында мәңгі сақталып қалған ең аңызға айналған сәті еді.

Енді араға жиырма жыл салып, сол аңыз Зинедин Зидан Франция құрамасын жаңа биіктерге жетелеу үшін бас бапкер ретінде қайта оралып отыр.