6,5 млрд теңгеге тендер: Алматыда совет заманынан қалған мектеп бұзылады

Алматы билігі Мамыр ықшамауданында 1989 жылғы №158 мектепті бұзып, орнына 900 оқушыға арналған жаңа ғимарат тұрғызады. Құрылысқа 6,5 млрд теңгенің тендері жарияланды.
Тендер шарттары
Әуезов ауданында орналасқан үш қабатты ескілеу мектептің орнына жаңасын тұрғызу туралы тендерді Алматы қаласы Құрылыс басқармасы 14 шілдеде түстен кейін жариялады. Лот құны – 6 501 023 382 теңге.
Жобаны талқылау 16 шілдеде аяқталып, сол сәттен бастап өтініш қабылдау басталады. Құрылыс компаниялары құжатын 21 шілдеге дейін өткізе алады.
Тендер құжаттарына қарағанда, жеңімпаз ескі ғимаратты сүріп, оның орнына 900 орындық жаңа мектеп салуға тиіс. Ол да үш қабатты болады, бірақ аумағы кеңейеді. Құрылысқа 22 ай берілген. Жаңа ғимарат 2028 жылғы жаңа оқу маусымына дейін дайын болуға тиіс.
Тар мектеп
1989 жылы салынған орта мектеп 576 оқушыға арналған. Алайда, мектеп паспортына сәйкес, онда 1263 оқушы білім алып келген. Олар екі ауысыммен оқыған.
Қазақ және орыс тілдерінде білім беретін мекеме жаратылыстану және математика пәндерін тереңдетіп оқытады. Штатта 124 қызметкер бар. Ғимарат Мамыр ықшамауданы, Степная көшесі, 8-үй мекенжайында орналасқан.
Биыл көктемде қала билігінің ескірген 20 мектептің құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатқаны мәлім болған. Мегаполисте барлығы 360 мектеп жұмыс істейді. Оларда 357 мыңнан астам оқушы білім алады.
Айта кетейік, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Алматы қаласында жүр. Ол халықаралық физика олимпиадасының жеңімпаздарын әуежайдан күтіп алған.