Кеңес Рақышев «Тараз» футбол клубын сатып алатыны туралы ақпаратты теріске шығарды

Қазақстандық белгілі кәсіпкер әрі меценат Кеңес Рақышев «Тараз» футбол клубын басқаруына алуы мүмкін деген қауесетке қатысты жауап берді. Миллиардер бұл спорттық жобаға қызығушылық танытып жатқан жоқ.
Бұған дейін, БАҚ беттерінде Кеңес Рақышевтің тарихы бай клубты сатып алып, ауқымды реформалар жасау үшін келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпарат тараған еді.
Алғашқы ақпаратты инсайдер-журналист Дінмұхаммед Болсынбек таратқан еді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында:
«Тараз» футбол клубында үлкен өзгерістер күтіп тұр. Менің мәліметім бойынша, кәсіпкер Кеңес Рақышев клуб тізгінін ұстауы мүмкін. Қазіргі уақытта клуб құжаттарын өткізу бойынша келіссөздер жүріп жатыр», – деп жазып, жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды.
Ресми жауап
Алайда көп ұзамай белгілі спорт журналисі Аян Төлеген Кеңес Рақышевтің өзінен ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрап білді. Меценат хабарды үзілді-кесілді теріске шығарды.
«Мен бұл сұрақпен меценаттың өзіне тікелей хабарластым. Ол маған бұл спорттық жобаны мүлдем қарастырмағанын айтты. Қазіргі уақытта кәсіпкер үшін өзінің «Сәби» қайырымдылық қоры арқылы жүзеге асырып жатқан әлеуметтік мәселелерді шешу әлдеқайда маңыздырақ», – деп жазды Аян Төлеген парақшасында.
Осылайша, кәсіпкер бар назарын елдегі маңызды әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларға аударуды жөн санап отыр.