Тоқаев Шанхайға жұмыс сапарымен барды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхай қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар кездесу өтеді.
Ертең Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді. Мемлекет басшылары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жағдайы мен алдағы даму бағыттарын талқылайды.
Президент сондай-ақ Қытайдың ірі трансұлттық және жетекші компанияларының басшыларымен өтетін дөңгелек үстелге қатысады. Кездесудің негізгі тақырыбы — Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және экономикалық байланысты кеңейту.
Сапар бағдарламасында заманауи технологиялар мен жасанды интеллект саласына да ерекше мән берілген. 17 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына — WAIC жиынына қатысады.
Биыл конференция «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбымен өтеді. Жиында жасанды интеллектті дамыту, оны қауіпсіз реттеу және осы саладағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланады.