«Сутьесканы» қапы қалдырған «Қайраттың» келесі қарсыласы кім

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Основной состав алматинцев перед выездным матчем с черногорской «Сутьеской»
Сутьеска – Қайрат фото: ФК Қайрат

Алматылық «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті. Черногорияда өткен қарымта матчта «Сутьесканы» 2:0 есебімен сенімді түрде тізе бүктірген Қазақстан чемпиондары келесі кезеңге жолдама алды. Ендігі кезекте алматылықтарды одан да маңызды әрі қиын сынақ күтіп тұр.

Алматыдағы алғашқы ойында 2:1 есебімен басым түскен «Қайрат» қос матчтың қорытындысы бойынша 4:1 есебімен келесі айналымға өтті.

Черногориядағы ойын

Никшич қаласындағы Орталық стадионда өткен кездесудің бірінші таймында есеп ашылмады. Екінші таймда ғана алматылықтар шабуылды үдетіп, өз дегендеріне жетті.

68-минутта алаң қожайындарының қақпашысы әрі команда капитаны Владан Гильеннің өрескел қателігін «Қайраттың» 18 жастағы жас шабуылшысы Исмаил Бекболат мүлт жібермей, есеп ашты – 1:0. 79-минутта «Сутьеска» футболшыларының жүйкесі сыр беріп, черногориялық қорғаушы Андрия Разнатович қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Ойынның 82-минутында басымдыққа ие болған «Қайрат» қарсылас қақпасына пенальти тепті. Португалиялық шабуылшы Жоржинью матчтың нүктесін қойды.

«Қайраттың» келесі қарсыласы кім?

Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Қайрат» Кипрдің «Омония» клубымен күш сынасатын болады.

Алғашқы ойын 22 шілде күні Никосия қаласында өтеді. Ал 29 шілдеде Алматының Орталық стадионында қарымта ойын өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен маусымда «Қайрат» өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алған еді. Сол тарихи жетістікті қайталау үшін алматылық ұжым іріктеу кезеңінің жалпы төрт раундын сәтті аяқтауы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз