Өзбек бизнесі Қазақстанға жаппай бет алды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Өзбекстаннан келген заңды тұлғалар еселеп артты / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстанда өзбек кәсіпкерлерінің қатары жыл санап көбейіп жатыр. 2024 жылғы 1 шілдеде Өзбекстан қатысуымен 4 867 заңды тұлға тіркелсе, екі жылдан кейін олардың саны 12 065-ке жетті.

Яғни небәрі екі жылда көрсеткіш шамамен 2,5 есе өскен. Бірақ өзбек бизнесі Қазақстанның барлық аймағына бірдей таралып жатқан жоқ. Кәсіпкерлер көбіне Алматы мен Маңғыстауды таңдайды, ал негізгі бағыттары – құрылыс, сауда және түрлі қызмет көрсету салалары.

Негізгі бағыт – Алматы

Қазақстандағы өзбек бизнесінің басты орталығы – Алматы. 2026 жылғы 1 шілдеде қалада Өзбекстан қатысуымен 8 225 заңды тұлға тіркелген. Бұл елдегі барлық осындай ұйымның 68,2%-ына тең.

Қарапайым айтқанда, Қазақстандағы әр үш өзбек компаниясының екеуі Алматыда орналасқан.

2024 жылы қалада 2 984 ұйым ғана болған. Екі жыл ішінде олардың саны 5 241-ге өсті. Ел бойынша тіркелген жаңа ұйымдардың басым бөлігі де осы қалаға тиесілі.

Алматы – Қазақстанның ең ірі сауда және іскерлік орталығы. Мұнда тұтынушы көп, құрылыс қарқынды, қызмет көрсету нарығы кең. Сондықтан шетелден келген шағын кәсіпкер үшін бизнес бастауға мүмкіндік те көбірек.

Қалада өзге қызмет түрлерімен 3 243 ұйым айналысады. Құрылыс саласында 2 742, саудада 1 589 заңды тұлға тіркелген. Әсіресе құрылыстағы өсім жоғары: екі жылда ұйымдар саны 2 мыңнан астамға көбейді.

Өзбек бизнесі қай өңірде шоғырланған

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Өзбекстан қатысуымен тіркелген ұйымдардың Қазақстан өңірлері бойынша орналасуы.

2026 жылғы 1 шілдедегі саны 2024–2026 жылдардағы өсімі
Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросының 2024, 2025 және 2026 жылғы 1 шілдедегі деректері. Көрсеткішке тіркелген заңды тұлғалар, филиалдар және шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары кіреді.
Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Маңғыстаудағы он еселік өсім

Маңғыстау облысында 2024 жылы 182 ұйым тіркелсе, бір жылдан кейін олардың саны 1 750-ге жетті. 2026 жылы көрсеткіш 1 811 болды.

Яғни екі жылда ұйымдар саны шамамен он есе көбейген. Оның үстіне тіркелген компаниялардың 98,9%-ы жұмыс істеп тұр.

Алайда олардың 84%-дан астамы «өзге қызмет түрлері» деген кең санатқа кіреді. Берілген статистика бұл компаниялардың нақты немен айналысатынын толық ашпайды.

Алматы мен Маңғыстауды қоссақ, Қазақстандағы өзбек бизнесінің 83%-дан астамы осы екі өңірде орналасқан. Соңғы екі жылдағы өсімнің 95%-ы да осы аймақтарға тиесілі.

Астанада өсім жоқ, Атырау мен Түркістанда қозғалыс бар

Астанада көрсеткіш өзгермеген деуге болады. 2024 жылы 601 ұйым болса, 2026 жылы олардың саны 602-ге жеткен. Соның 371-і ғана жұмыс істеп тұр.

Атырауда ұйымдар саны 237-ден 370-ке өсті. Олардың төрттен үш бөлігі сауда саласында тіркелген.

Түркістан облысында көрсеткіш 65-тен 134-ке жетті. Оның 84-і саудада, 27-сі өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейді. Бұл өңірде өзбек кәсіпкерлері шағын өндіріс бағытына да кіре бастаған.

Кәсіпкерлер қай салаларды таңдап жатыр?

Өзбек бизнесі негізінен үш бағытқа шоғырланған.

Бірінші орында – өзге қызмет түрлері. Бұл санатта 4 944 ұйым немесе жалпы көрсеткіштің 41%-ы тіркелген.

Екінші орында құрылыс тұр. Мұнда 3 097 ұйым жұмыс істейді. Үшінші орында сауда және автокөлік жөндеу саласы бар – 2 687 заңды тұлға.

Үш саланың жиынтық үлесі 89%-ға жуық. Демек, кәсіпкерлер әзірге ірі өндірістен гөрі, тез бастауға болатын және күнделікті сұранысы бар бағыттарды таңдап отыр.

Тұру және тамақтану саласында 311, көлік пен қоймалауда 230, өңдеу өнеркәсібінде 206 ұйым бар. Ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі мен қаржы саласының үлесі әзірге төмен.

Бұл – негізінен шағын бизнес. 2026 жылы тіркелген 12 065 ұйымның 12 061-і шағын кәсіпорын санатына жатады. Орта бизнеске үш, ірі бизнеске бір ұйым ғана кірген.

Сондықтан Қазақстанға Өзбекстанның ірі корпорациялары жаппай көшіп жатыр деу дұрыс емес. Негізгі қозғалысты дүкен, құрылыс компаниясы, шеберхана, кафе және қызмет көрсету орталығы секілді шағын кәсіп иелері қалыптастырып отыр.

Дегенмен жалпы бағыт анық: өзбек бизнесі Қазақстанға белсенді кіріп жатыр. Оның негізгі нүктесі – Алматы, екінші орталығы – Маңғыстау, ал басты салалары – құрылыс, сауда және қызмет көрсету.

Тағы да оқыңыз: 2026 жылдың қаңтар–мамырында Қазақстанның сыртқы сауда айналымында Өзбекстан 5-ші орынға шықты.

Сондай-ақ оқыңыз