Абай айтпаған нақылдар қаптап жүр, айналаңа көз салсаң

Қазір ұлы тұлғалардың жалған цитаталарын топтастырып, жинақ шығару керек болса, мысал іздеп қиналмайсыз. Айналаға мұқият көз салсаңыз, «Жоқ, оны бұл айтпаған!» деген санаттағы ұлағатты сөздер қаптап жүр. Тексере қалсаңыз, көрсетілген автордікі емес, көбі өтірік құрастырылған болып шығады.
Жақында көзге түскен сондай мысалдар Алматыдағы автобус-троллейбустарда жол ақысын төлеуге арналған терминалдардың дисплейінде көрсетілген.

«Ар сақта – адам бол» деген нақыл кімдікі екенін таба алмадық, бірақ терминалдағы көрнекі суретте оны Абайдікі деп берген. Осыған үндес ойды ұлы ақын айтпады емес, айтты; бірақ оның шығармалар жинағын шолып қарасаңыз, дәл цитаталары мынадай:
«Адал бол – бай тап, адам бол – мал тап»;
«Пайда ойлама, ар ойла»;
«…Егерде бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс. …Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ».

Жоғарыдағы суреттегі «Ақыл мен жүрек – егіз» деген қанатты сөз де Абай шығармаларынан табылмады. Табылған мәндес өлең жолдары төмендегідей:
«Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық,
Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.»
Абайға теліген жалған нақылдар көпшілік тамақтанатын жерлердегі маңдайшаларда, тіпті тамақ қаптамаларында да ұшырасады.

Мәселен, «Әлсіздіктен пайда болған қарапайымдылық абырой емес» деген даналықты Абайдың қай шығармасында айтқанын сол күйі таппадық.

«Адам – өзінің уақытының баласы» деген нақыл орысшадан аударғанға ұқсайды әрі сөз саптауы қазіргідей, Абай заманынан емес-ау. Тексеріп көріп едік, солай болып шықты, бұл – «Человек – дитя своего времени» деген нақылдың аудармасы. Ал осы орысша нұсқа – Абайдың «Адам баласын заман өстіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» деген қара сөзінің аудармасы. Қазақша түпнұсқасы тұрғанда, аудармадан екінші қайтара қазақшалаудың қажеті жоқ еді.
Кейінгі кезде әсіресе жасанды интеллект шығарып берген жалған нақылдар көбейді. Мысалы, қаладағы құрылыс алаңдарын жауып тұрған қаңылтыр қоршауларға жабыстырылған суреттерге назар салсаңыз, күмәнді цитаталар аз емес.

Мұхтар Әуезов шынымен «Біз кейінгі буынға тәлім бермесек, ел болғанымыздың мәнісі не?» деп айтқанына сеніңкіремей тұрған жайымыз бар. Жазушының Әдебиет және өнер институты сайтындағы елу томдық шығармалар жинағының электрондық нұсқаларын ақтарып, іздеп көрдік, бірақ дәл осы цитатаны таппадық.
Кейбір деректерде оны ел аузындағы «бесігіңді түзе» деген қанатты сөзінің жалғасы деп көрсеткен: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе, біз кейінгі буынға тәлім бермесек, онда елдігіміздің мәнісі не?!» Алайда сол нақылдың түпкі нұсқасы мынау болса керек: «Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» (1917 жылы жазған «Адамдық негізі – әйел» мақаласынан).
Қалың жұрт тани бермейтін авторлар болса бір сәрі, мұндайда ойдан шығарған, шатастырған нақылдарды көпшілік білетін көрнекті тұлғалардың айтқандары деп бере салатыны қынжылтады.
Әлде жасаушылар барынша танымал адамның портретін салып, қасына өтірік цитата жазып қойса, оны тергеп-тексеруге құлық та көп болмас деген логикаға сала ма екен?