Халықаралық сот Қашаған операторынан 2,3 трлн айыппұлды өндіріп алуға тыйым салды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Іске халықаралық сот араласты Фото: REUTERS, бильд-редактор: Милош Муратовский

Қазақстанның мұнай-газ секторындағы ең ірі даулардың бірі жаңа сипат алды. Қашаған кен орнын игеріп жатқан халықаралық North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы өзіне салынған 2,3 трлн теңге көлеміндегі қомақты экологиялық айыппұлға қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Reuters басылымының жазуынша, іске халықаралық төрелік сот араласып, Қазақстан үкіметінің әрекетіне шектеу қойып отыр.

Дау 2023 жылдың басында басталған. Сол кезде Қазақстан үкіметі NCOC консорциумын кен орнында тым көп мөлшерде күкірт сақтағаны үшін айыптап, шамамен 5 млрд долларды (2,3 трлн теңге) құрайтын экологиялық айыппұл төлеуге міндеттеген. Әділет министрлігі жақында ғана консорциум бұл соманы осы жылдың 20 шілдесіне дейін төлеуге тиіс деген талап қойған. Алайда мұнай өндіруші алпауыт оператор бұл айыппен мүлдем келіспей және өз кінәсін мойындаудан бас тартып келеді.

Халықаралық сот шешімі қандай

Істің ақ-қарасын анықтау үшін консорциум мен оған мүше мердігер компаниялар мәселені ICSID және UNCITRAL халықаралық арбитраждарына жеткізген. Осы талқылау нәтижесінде UNCITRAL арбитражы арнайы бұйрық шығарды.

Бұл құжат бойынша, халықаралық төрелік сот процесі толық аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасының консорциумнан айыппұлды өндіріп алуға тырысуына ресми түрде тыйым салынды.

NCOC таратқан мәлімдемеде Қазақстан билігі халықаралық арбитраж процесінің тұтастығы мен ережелерін сақтайды деп үміттенетінін атап өткен.

Қашаған жобасының артында кімдер тұр?

2016 жылдан бері мұнай өндіріліп жатқан Қашаған – әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Қашағандағы мұнай қоры 13 млрд баррельге жетеді деген болжам бар

Бұл жобаны басқарып отырған NCOC консорциумының құрамына әлемдік деңгейдегі ең ірі энергетикалық алпауыттар кіреді. Олардың қатарында Shell, Eni, TotalEnergies және Exxon Mobil сияқты трансұлттық компаниялар бар.

Қазіргі таңда мемлекет пен осы ірі инвесторлар арасындағы даудың қалай шешілетіні халықаралық сарапшылардың да назарын аударып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз