Ұлттық қордан алынған қарыз қандай жобаларға жұмсалған

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Қордан алынған облигациялық қарыз қайда жұмсалды / Фото: shutterstock.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін тікелей трансферттерден бөлек, ірі инфрақұрылымдық және экономикалық жобаларды қолдау үшін арнайы қарыз да алынады. 2026 жылғы 30 маусымдағы мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін қордан бөлінген жалпы облигациялық қарыз көлемі шамамен 3,9 трлн теңгені құрады.

Бұл қомақты қаражат кезінде еліміздің қаржы жүйесі мен экономикасын тұрақтандыруға, өңдеуші өнеркәсіптегі шағын және орта бизнесті қолдауға, халыққа арналған тұрғын үй құрылысына жұмсалған. Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, облигациялар, ең бірінші, үкіметтің экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру үшін сатып алынған.

Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 көрмесі аумағындағы нысандар да қордан алынған облигациялық қарыз есебінен қаржыландырылған.

Одан бөлек, «Достық-Мойынты» темір жолы мен «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбыры секілді стратегиялық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмсалды.

Осы берілген қарыздардың 477,7 млрд теңгесі Ұлттық қорға қайта қайтарылған. Шамамен 3,38 трлн теңгесі облигациялық қарыз ретінде есепте тұр.

2026-2028 жылдарға арналған бюджет жоспарына сәйкес, биыл қордан трансферт ретінде 2,77 трлн теңге алынады.

Жоғары аудиторлық палата 2023-2024 жылдары қордан алынған трансферт пен облигациялық қарызға аудит жүргізіп, қомақты қаржы тиімсіз жобаларға жұмсалғанын анықтаған.

Квазимемлекеттік сектор субъектілері жеңілдетілген қарызды «арзан қаржы көзі» ретінде пайдаланғанымен, экспорттық және өндірістік көрсеткіштерді орындамаған. Қайтарымы төмен жобалар мен лизингтік мәмілелердің негізсіз ұзартылуы қор қаражатының экономикалық қайтарымын төмендетіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз