Перизат Қайраттан тәркіленген пәтер, көлік пен бағалы бұйымдар кімнің иелігіне өтті

Он жылға сотталған Перизат Қайраттан тәркіленген қымбат мүлік пен бағалы бұйымдардың кімнің иелігіне өткені белгілі болды. KursivMedia Астананың Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне ресми сауал жолдап, Перизат Қайраттың Mercedes-Benz электромобилі кімге берілгенін, мемлекет неге тінту кезінде тәркіленген алтын бұйымдар мен бренд сөмкелерді әлі қабылдап алмағанын және тәркілеуден түскен миллиондардың қайда бағытталатынын білді.
Электромобиль Шымкенттегі департаментке берілді
2023 жылы шығарылған Mercedes-Benz EQE 500 4Matic кроссовері 9 шілдеде мемлекеттік органдар арасында жабық аукцион арқылы сатылған.
Сауда нәтижесінде көлік Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне берілген. Тиісті бұйрық шығарылып, қабылдау-тапсыру актісі рәсімделгеннен кейін автокөлік аталған мемлекеттік органның балансына беріледі.
Бұған дейін Перизат Қайраттан тәркіленген үш көлік басқа мекемелерге берілді:
- Lexus LX 600 жол талғамайтын көлігі Қаржылық мониторинг агенттігінің балансына берілді;
- Mercedes-Benz S450 пен Haval H6 GT кроссовері Астана қаласы полиция департаменті қарамағына өтті.
Пәтерлердің «тағдыры»
Бұған дейін Перизат Қайратқа елордадағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, Көк жайлау, Sensata Plaza тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен Vela Village коттеджі тиесілі болғаны хабарланды.
Алайда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті элиталық пәтерлерге қатысты ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
«Қазақстан заңнамасына сәйкес, тәркіленген тұрғын үй нысандары (пәтерлер мен үйлер) есепке тек жергілікті атқарушы органдар арқылы қабылданады. Осыған байланысты департамент бұл нысандардың мемлекеттік меншікке өткені не сатылғанынан хабарсыз», – деп түсіндірді ведомство.
Редакция пәтерге қатысты сұрақты Астана әкімдігіне жолдайды.
Бренд сөмке мен бағалы бұйымдар
Тінту барысында тәркіленген зергерлік бұйымдардың, қымбат техника және бренд сөмкелердің де қайда кеткені белгісіз.
Ведомство мәліметінше, сот үкімі заңды күшіне енгеніне (2025 жылдың 24 қыркүйегі) бір жылға жуық уақыт өтсе де, бұл мүлік мемлекет балансына берілмеген.
«Қазірге күнге дейін департаментке сот орындаушыларынан немесе мүлікті тәркілеген органдардан зергерлік бұйымдарды, техниканы және киім-кешекті беру туралы құжаттар түскен жоқ. Біз бұл мүлікті қабылдап алған жоқпыз», – делінген жауапта.
Заңға сәйкес, бұл бағалы заттар зардап шеккен демеушілерге келтірілген шығынды өтеу үшін сот орындаушылары арқылы аукционда сатылуға тиіс.
Редакция бағалы бұйымдарға қатысты толық ақпарат алу үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне де ресми сауал жолдайды.
Қаражат республикалық бюджетке түседі
Перизат Қайраттан тәркіленген мүлік сатылған жағдайда одан түскен қаражат Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі арнайы қорға емес, республикалық бюджетке жіберіледі.
Себебі заң бойынша арнайы қорға тек сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша тәркіленген мүліктен түскен қаражат аударылады.
Ал Перизат Қайрат сотталған баптар – аса ірі көлемдегі алаяқтық пен қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру (жылыстату) сыбайлас жемқорлық қылмыстары санатына жатпайды.
Перизат Қайрат ісі
Перизат Кайрат қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша – «Алаяқтық», 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы – «Аса ірі көлемде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату)» бойынша кінәлі деп танылып, түпкілікті 10 жылға сотталды.