Қарқаралы маңында мыңдаған гектар дала өрті сөндірілді

Қарағанды облысында құтқарушылар ірі дала өртін ауыздықтады. ТЖМ хабарлауынша, Қарқаралы ауданы Тегісшілдік ауылынан 10 шақырым жердегі ашық аумақта құрғақ шөп өртенген.
Жедел әрекеттердің арқасында өртті толығымен сөндірілді. Өрт шалған аумақтың ауданы шамамен 3 мың гектарды құрады.
«Өртті сөндіруге ТЖМ-нің 120-ға жуық адамы мен 22 бірлік техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ өртті сөндіруге жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен Бесоба ауылының «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымдары қатысты», – деп хабарлады ТЖМ.
Ведомство нақтылағандай, зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Өрттің шығу себептері әлі де анықталуы керек.
Еске салайық, дәл қазір Абай облысында «Семей орманындағы» өртте сөндіріліп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Абай облысына ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев аттанды. Олар өртті жою жұмыстарын оқиға орнында үйлестіруде.