Министрлер Абай облысындағы орман өрті аймағына жетті

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ірі орман өрті өршіп тұрған Абай облысына келді. Өңір әкімі Берік Уәлимен бірге олар жұмысты «Семей орманы» резерваты аумағындағы өрттің ең күрделі учаскелерін аралаудан бастады.
Министрлер өрт орнында қандай шешім қабылдады
Басшылар ең қауіпті учаскелерді қарап шығып, жедел жағдай мен өртті жою барысын бағалады. Оқиға орнында жедел штаб құрылды.
Шыңғыс Әрінов өрт сөндіру жетекшісінің баяндамаларын тыңдап, күштер мен құралдардың орналасуын тексерді, сондай-ақ, құтқарушылар резервін жасақтауды және жұмыс тиімділігін арттыру үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
«Қазіргі уақытта өртті жоюға 600-ден астам адам, 160-тан астам жерүсті техникасы мен 7 тікұшақ жұмылдырылды. Оқшаулау жұмыстары түнгі уақытта да жалғасып жатыр», – делінген ТЖМ хабарламасында.
16 шілдеде Абай облысының Бородулиха ауданында шұғыл қызметтерді жұмылдыру жарияланды. Ірі орман өрті «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты филиалының аумағында тұтанды.
Өртті сөндіруге мемлекеттік орман мекемелерінің, «Қазавиаорманқорғау» қызметкерлері, ТЖМ, ІІМ, ҰҚК, Қорғаныс министрлігі, жергілікті атқарушы органдар мен Денсаулық сақтау министрлігінің бөлімшелері қатысуда.
Өртпен күресті аптап ыстық, өрт қаупінің жоғары класы және жетуі қиын жер бедері күрделендіріп отыр.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов төтенше жағдай орнына екі министрді жіберген еді.